Ауа райы
Астана 27 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Роман Скляр Қарағандыда инвестжобалардың іске асырылу барысымен танысты

2020 жылдың 17 маусым 2020 17:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Роман Скляр мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысындағы жол құрылысы және ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Роман Скляр Қарағанды-Теміртау автомобиль жолының учаскесін қарап шықты. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын бір ай ішінде аяқтауға уәде берді. Жол алты жолақты болады. Күн сайын осы жол арқылы 20 мыңнан астам автокөлік өтеді. Вице-премьерге Қарағандыдағы жаңа жолдар туралы баяндалды. Ағымдағы жылы жалпы ұзақтығы 48,3 км құрайтын Солтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылысын аяқтау жоспарлануда.




Қарағандыда Роман Скляр 3-ЖЭО-ның М-10 жылу магистралін қайта жаңарту барысымен танысты. Жұмыс өткен жылы басталып, қазір аяқталуға жақын қалды. Бұл 60 мыңға жуық қарағандылықтарды үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.




Премьер-Министрдің орынбасары Сарань қаласындағы «Kazcentrelectroprovod» ЖШС-де болды. Кәсіпорын кабель-өткізгіш, телекоммуникациялық және электротехникалық өнімдерді, металл құрылымдарын өндіреді, осы жылдың бес айында өндіріс көлемі 1,7 млрд теңгені құрады. Кабельдерді шығару екі есе өсті. Қарағандылық өндіруші Қазақстанның қажеттілігін қамтамасыз етуде. Оның өнімдері ауылдарды цифрландыру кезінде қолданылады. Кәсіпорын сондай-ақ Ресей мен Өзбекстан үшін экспортқа жұмыс істейді, ол қазірде Еуропа нарығына шықты.




Сондай-ақ, Роман Скляр Yutong маркалы автобустар мен арнайы техника өндірісіне қаражат салатын инвесторлармен кездесті. Кәсіпорын бұрынғы РТИ зауытының базасында жұмыс істейтін болады. Қазір құрылыстың бірінші кезеңі басталды. Өндірісті іске қосу және алғашқы автобустарды шығару биылғы жылдың желтоқсан айына белгіленген. Зауыттың қуаттылығы-жылына 1 200 автобус және 500 арнайы техника мен арнайы көлік шығарудан тұрады. Жаңадан 400 жұмыс орны құрылады.




Нысанды аралау барысында Роман Скляр мен Жеңіс Қасымбек автобустар өндірісі бойынша инвестициялық жобаны іске асырудың Жол картасына қол қойды.




Сапар барысында Қарағанды–Балқаш автожолы, ұзақтығы 363 км болатын «Орталық – Оңтүстік» дәлізін қайта жаңарту барысы тексерілді. Жұмыс қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ, Роман Скляр мен Жеңіс Қасымбек «Күрті-Бурылбайтал» учаскесінің қайта жаңартылу барысын қарап шықты. Мұндағы жөндеу жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Роман Скляр белгіленген жоспарларды үздіксіз және уақтылы орындау бойынша тапсырмалар берді.


Жоғары қарай