Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Хиуаз Доспанова: Елордада бірқатар көшеге жаңа атау беріледі

2021 жылдың 31 наурыз 2021 13:50

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы бірқатар көшенің атауы өзгереді. Бұл туралы тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы өткен Нұр-Сұлтан қаласы ономастикалық комиссиясының отырысында Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты тұрақты комиссиясының көпшілік тыңдауында елордамыздың кейбір көшелеріне атау беру және қайта атау туралы ұсыныстар қаралып, қолдау тапқан болатын. Алматы ауданы бойынша жобалық көшелерге Ұзақбай Құлымбетовтың, Әнуарбек Байжанбаевтың, Мақтай Сағдиевтің, Кәмен Оразалиннің, Аманжол Бөлекбаевтың, Байкен Әшімовтың, Кеңшілік Мырзабековтың, Рахманқұл Бердібайдың, Салық Зимановтың, Хиуаз Доспанованың және жеті бидің бірі – Әнет бабаның, Жұбан Молдағалиевтің, Роза Бағланованың, Бердіғожа батырдың, Уәли Халфиннің және Қазақ радиосы атауын, Байқоңыр ауданы бойынша Жұмабек Тәшенов көшесінің атауында бір әріп қате кетуіне байланысты «Жұмабек Тәшенев» деп жазып, моральдық тұрғыда атаулары ескірген көшелерді қайта атау туралы, Байқоңыр ауданының кейбір көшелерінің бөліктеріне Ырғайлы, Ақжарлы, Шоқпартас, Шиелісай, Шеңгелді, Қарғалы, Үңгіртас, Тұздыкөл, Түрген, Текелі, Тастөбе, Талдыбұлақ, Өлеңтісай, Ойқарағай, Жиренкөл сынды еліміздің жер-су атауларын беру туралы ұсыныстар қолдау тапты», - дейді Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.

Оның айтуынша, Есіл ауданы бойынша Илинька тұрғын алабын және Үркер шағын ауданын біріктіріп, «Үркер» тұрғын алабы деп қайта атау туралы, Новый аэропорт көшесін «Жаңа дария», Сығанақ және жобалық атауы Е10 көшелерін біріктіріп «Сығанақ» көшесі деп қайта атау туралы ұсыныстар да қолдау тапқан.

«Сарыарқа ауданы бойынша Пионерская көшесін Талшын көшесі деп, Мостопоезд 463 көшесін Жартас деп қайта атау туралы шешім қолдау тапты. Елордада екі тарас Шевченко көшесі бар. Медеу көшесіне дейін жалғасқан Тарас Шевченко көшесін Катонқарағай көшесі деп қайта атау туралы, екінші Алматы және жобалық атауы С409 көшелерін біріктіріп әйгілі опера және камералық әнші, КСРО әртісі Ермек Серкебаевтың есімін беру туралы ұсыныстар қолдау тапты», - дейді ол.


Жоғары қарай