Ауа райы
Астана 20 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 411.66
EUR 465.92
RUB 5.81
CNY 58.79

Рудныйлық кәсіпкер 83 млн теңге бюджет қаржысын жымқырмақ болған

2020 жылдың 23 мамыр 2020 05:30

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында серіктестік басшысы 83 млн теңге бюджет қаржысын жымқырмақ болған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің баспасөз орталығына сілтеме жасап.

Орталықтың мәліметінше, былтыр Рудный қаласындағы жаңа шағын ауданға құны 106,2 млн теңге тұратын жылу қазандығын салу үшін мемлекеттік тапсырыс өткен. Мемтапсырысты «ЖылуЭнергоҚұрылыс» ЖШС ұтып алған.

«Серіктестік бюджеттен бөлінген қомақты қаржыға «Боран Бойлер» компаниясынан блокты-модульді жылу құрылғысын сатып алып, оны жаңа салынып жатқан шағын ауданға орнатуы тиіс болған. Бірақ «ЖылуЭнергоҚұрылыс» ЖШС басшысы Б. Шектібаев жобалық-сметалық құжатқа қарамай қарапайым стационарлық жылу құрылғысын қойған. 2019 жылдың қараша айынан бастап бұл іске сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі араласты.

Нәтижесінде, жылу қазандығының құрылысына қажет құрылғының жеткізілмегені және мердігердің мойнына жүктелген жұмыс ауқымының толық орындалмағаны әшкереленіп, мемлекетке 83 млн 698 400 теңге зиян келген. Кәсіпкер бюджет қаржысын жымқыру туралы ойламағанын айтып ақталған. Кәсіпкер өз әрекетінің заңға қайшы екенін түсініп, мемлекеттік сатып алу келісімшартының талаптарын толық орындап, қымбат құрылғыны орнатты», - дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің бас маманы Евгений Бедыч.

Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің араласуымен кәсіпкер мемлекетке келтірген зиянның орнын толтырды.

«Біздің басты міндетіміз – құқық бұзғандардың бәрін темір тордың ар жағына тоғыта беру емес. Басты мақсат – азаматтардың құқығы мен еркіндігін қорғай отырып, қылмыстың алдын алу. Бұл жолы мемлекет пен азаматтың, атап айтқанда кәсіпкердің арасында сапалы әрі түсінікті әңгіме өрбіп, мемлекет қаржысының қымқырылуына жол берілген жоқ, - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Данияр Смағұлов.


Жоғары қарай