Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Рухани жаңғыру»: 13 мың меценат туған өлкесін гүлдентуге атсалысты

2021 жылдың 12 сәуір 2021 19:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Рухани жаңғыру» бағадрламасының қарқын алған кезеңі Ұлы Абай мен әл-Фарабидің мерейтойына ұласып, Түркістанның облыс орталығы болып қайта түрленген кезіне дөп келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұлт рухының сан қырлы қатпарын түгел қамтитын арнайы бағдарламалар қолға алынған болатын. Осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстарды сараптасақ, атқарылған талай ұрпақтың рухына азық болатын дүниелер қолға алынғанын көреміз.

Жаңа әліпби – жаңғырудың өзегі

Қазақ тілінің төл заңдылықтарын сақтау үшін әліпбиді латын қарпіне көшіру бұған дейін де айтылып жүргенімен, нақты қадамдар осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жасалды деуге болады. Бұлай деуімізге бірнеше фактор негіз бола алады.

Біріншіден,Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық жұмыс тобының отырыстарында лингвистерден, ғалымдардан, ел азаматтарынан келіп түскен әліпбидің 40-тан астам нұсқасы қаралып, ғылыми-сараптамалық жұмыстар жүргізілді.

Екіншіден, латын әліпбиді жетілдіре түсу үшін таңбалардың жазылуы мен оқылуы бойынша оқушылар мен мұғалімдер, студенттер арасында сауалнама жүргізілді. Үшіншіден, қоғам арасында әліпби нұсқалары кең талқылауға түсті. Төртіншіден, әліпби ғылыми-практикалық, әдістемелік тұрғыдан зерделенді.

Бесіншіден, жетілдірілген әліпбидегі диакритикалық таңбалар халықаралық тәжірибедегі әліпби түзу принциптері бойынша пысықталып, екшелді. Бұл іске халықаралық семинарлар мен конференциялар аясында гагауыз, қырғыз, ноғай, өзбек, хакас, қарақалпақ, түрік, тыва, татар және қазақ тілдерінің мамандары қатысты.

Әліпбиді латын графикасына көшіруді үйлестіру бағытындағы барлық ақпараттар «Qazlatyn.kz», «Tilalemi.kz» порталына орналастырылып, насихатталды.

«Туған жер» арнайы жобасы

Өлкетану блогы жас ұрпақтың қоршаған ортаға рухани тұрғыда жақын болып өсуіне қазірден бастап жол төсеп жатыр. Республика бойынша 2357 мектептің өз музейі жұмыс істеп тұр. Турист-өлкетанушылардың 40 станциясы мен орталығы, 2050 туристік-өлкетанушылық мектеп үйірмелері бар. Өлкетану туризмімен 7 мен 17 жас аралығындағы 90 мыңнан астам бала қамтылған.

Туған жерін түрлендіруге ниеті бар ел азаматтарына да «Рухани жаңғыру» жақсы мүмкіндіктер ашты. Үш жарым жылда демеушілік қаражат есебінен 280 млрд. теңгеге жуық қаражат тартылыпты. Оның ішінде мектеп, аурухана, балабақша, тұрғын үй, мәдениет және спорт сарайы сияқты 2 988 әлеуметтік нысан бой көтеріп, 2 417 нысан жаңартылған. Осылай бағдарламаға еліміз бойынша 13 мыңнан астам меценат қатысты.

«100 жаңа оқулық»

2017-2020 жылдары аударылған 100 оқулық еліміздің 132 жоғары оқу орнының білім беру процесіне енгізілді. Яғни «Философия», «Мәдениеттану», «Маркетинг», «Экономика», «Педагогика және психология», «Әлеуметтану», «Тарих», «Дінтану», «Кәсіпкерлік негіздері және ментор-стартаптар», «Психология», «Әлеуметтік психология», «Тұлға психологиясы», «Даму психологиясы» сияқты пәндер әлем зиялылары мойындап, игілігіне пайдаланып жүрген үздік еңбектердің көмегімен оқытылып жатыр.

Аударылған 77 оқулық негізінде қазақ және орыс тілдеріндегі бейнедәрістер әзірленіп, 55 мыңға жуық пайдаланушысы бар www.OpenU порталына шығарылды. Онлайн-оқыту платформасына 132 ЖОО мен 158 колледж кіре алады.

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет»

2020 жылдың 29 қарашасында Польшаның Варшава қаласында онлайн форматта «Junior Eurovision – 2020» Халықаралық балалар ән конкурсында қазақстандық Қарақат Башанова жүлделі 2 орын иегері атанды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы нақты жолға қойылып, алғашқы жемістерін бере бастаған кез ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойымен сәйкес келді. Бұған дейін де бағдарлама аясында қазақстандық қаламгерлердің кітаптары ағылшын, армян, араб, вьетнам, грузин, жапон, индонезиялық, испан, итальян, корей, қырғыз, малай, монғол, нидерланд, өзбек, португал, серб, түрік, украин, урду тілдеріне, ивритке және хиндиге аударылып, 22 кітап болып басылып шыққан болатын.

Сондай-ақ, Қазақстанның Сингапурдағы, Болгариядағы, Мысырдағы, Пәкістандағы, Мажарстандағы, Ирандағы және Эфиопиядағы Елшіліктері жанынан Абай орталықтары ашылды.

Литва, АҚШ, Бельгия, Чехия, Монғолия, Иран, БАӘ, Германия, Швеция, Ұлыбританияд, Мажарстан, Грекия, Корея, Таиланд, Эфиопия, Израиль, Грузия, Түркия, Вьетнам және Болгария сияқты елдер де қазақтың бас ақынының атындағы орталықтар ашып, ескерткіштер мен мүсіндер орнатты, көшелер мен даңғылдардың атын берді.

Шетелдік басылымдарда Абай мен әл-Фарабиге арналған 60-қа жуық мақала жарияланды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы шет тілдеріне аударылып, шетелдік БАҚ-тарда жарық көрді.

«Ауыл – Ел бесігі»

2019 жылдың қорытындысы бойынша 700 мыңға жуық халқы бар 53 ауылда 34 млрд теңгеге 520 іс-шара іске асырылды..

Соның арқасында шамамен 80 мектеп пен балабақша, 22 денсаулық сақтау нысаны, 73 мәдениет және спорт нысаны, 500 км-ге жуық жол, 41 км сумен жабдықтау желісі, 248 км электрмен жабдықтау, 135 шақырым газ құбыры салынған.

2020 жылы 216 ауылда 98 млрд теңге сомасына 920 жоба іске асырылды. Соның ішінде инфрақұрылымын дамытуға – 368, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты – 329, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға – 223 жоба бағытталды.

«Қасиетті жерлер географиясы»

Аталған жоба басталғаннан бері жалпыұлттық маңызы бар қасиетті деп саналатын объектілер тізіміне 206 нысан, жергілікті маңызы бар 575 нысан енгізілді. Киелі нысандарды толық визуализациялау qazmaps.kz виртуалды карта платформасында қолжетімді.

Бағдарлама аясында «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының үш томы жарық көріп, 2020 жылы Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының қасиетті нысандары қамтылған энциклопедияның IV томының тұсауы кесілді.

«Түркістан» қалашығын қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. «Әзірет Сұлтан» ЮНЕСКО-ның ескерткіші болып танылуына байланысты қалашықтың Даму жоспары Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде таныстырылды.

Солтүстік, Батыс өңірі және Нұр-Сұлтан қаласының мәдени-туристік кластерін дамыту мақсатында «Бозоқ», «Ботай», «Сарайшық» атты 3 республикалық музей-қорық құрылды.

2017 жылдан бері республиканың маңызды мәдени және тарихи 71 ескерткішіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді (Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Шоқай Датқа кесенесі, Бекет-ата жерасты мешіті, Сисем-ата қорымы, Сарайшық ортағасырлық қалашығы, ежелгі Тараз, Түркістан қаласы, Отырар, Сауран сәулет-археологиялық кешені, Ақыртас, Абай Құнанбаев мемориалдық кешені және т. б.).

Қазақстандықтардың 41%-ы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шыққан сәттен бастап, өз өңірінің сакралды нысандары мен рухани қасиетті орындарына көбірек қызығушылық таныта бастағанын атап өтті. 54% жақын арада сакралды жерлер мен қасиетті нысандарға барғысы келеді.

«Архив 2025»

Қазақстандық архивтердің халықаралық архив кеңістігіне бірқалыпты интеграциялануы аясында жақын және алыс шетелдердің 17 елімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі»

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ел жұртшылығы арасында жоба жеңімпаздарының табысты тарихының мысалдарын танымал ету бойынша ауқымды ақпараттық және имидждік жұмыс жүргізді.

Ең ірі «негізгі іс-шаралардың бірі Жастар жылы аясында ұйымдастырылған Ақмола облысындағы «Зерен» жастар білім беру жазғы лагері болды. Оның қорытындысы бойынша 5 үздік команда өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 1 млн теңгеден алды.

«100 жаңа есімнің» жетістіктері туралы қысқаметражды деректі фильмдер циклі түсірілді және олар теледидар мен Интернет желісінде көрсетілді.

«Ұлы даланың ұлы есімдері»

Арнайы жоба аясында «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізімі жасалды. Сондай-ақ, ежелгі әдебиет антологиясының 1-томын дайындау барысында ежелгі әдебиет көздерін дұрыс оқуды қамтамасыз ету үшін үлкен іздеу және текстологиялық жұмыстар жүргізілді.

Жобаны іске асыру нәтижесінде алғаш рет шетелдік архивтер мен кітапханалардың жинақтарында сақталған ежелгі қазақ әдебиетінің бұрын белгісіз және зерттелмеген ескерткіштерін жариялау жолымен шифрленді және ғылыми айналымға енгізілді.

«Түркі әлемінің генезисі»

Маңызды іс-шаралар қатарында Түркістан ежелгі қалашығының тарихи келбетін қалпына келтіру; түркі халықтарының дүниежүзілік фестивалі мен түркі этностарының Мәдениет күндерін өткізу, жалпытүркі шығармаларының онлайн-кітапханасын құру жобаларын атауға болады.

«Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі»

2020 жылы «Түркістан – кеше, бүгін, ертең» деректі фильмінің өндірісі аяқталып, қазіргі уақытта тарихымызды кеңінен дәріптейтін «Қажымұқан», «Мұқағали Мақатаев», «Ақтастағы Ахико», «Ақын» көркем фильмдері мен «Ботай арғымақтар мекені» толықметражды анимациялық фильмі өндірісте. Оған қоса, қазіргі таңда «Дос Мұқасан», «Лето 1941-го года», «Ақ боз үй» көркем фильмдері, «Қыз-Жібек: рецепт любви и успеха» деректі фильмі, «Абайдың қара сөздері» қысқа метражды фильмдер циклі және «Алтын адам» анимациялық фильмі өндіріске жіберілді.

«Дала фольклоры мен музыкасына мың жыл»

«Қолжазба қорларын, фольклорлық экспедиция материалдарын зерттеу мен жүйелеу және дала фольклорының антологиясын жасау» жобасы аясында 2019 жылы алғашқы 5 томы қазақ тілінде, оның ішінде онлайн және аудио форматтарда жарық көрді. Аталған антологияның келесі 5 томын шығару жоспарланған.

«Фольклорлық музыкалық мұраны сақтау мен жүйелеу және Ұлы даланың көне сарындарының таңдаулы үлгілерін жинау» жобасы бойынша «Ұлы даланың көне сарындары» атты 2-томның мазмұны құрастырылып, домбыра, қобыз, сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз аспаптарына арналған халық және кәсіби күйші-композиторлардың туындылары бекітілді.

«Ежелгі және орта ғасырлардағы жазба әдеби ескерткіштерді зерттеу және ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясын дайындау»

«Ұлы дала жауһарлары. Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясының» ІІ және ІІІ томдарының құрылымы бекітіліп, материалдар жиналды. ІІ-ІІІ томға енетін Қарахандықтар билігі және Алтын Орда тұсында жазылған түркі әдеби жәдігерлерінің қолжазбасымен жұмыс істелді.

«Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы

Арнайы жоба аясында барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында дөңгелек үстел, семинар, кездесулер мен акциялар және т.б. түрінде насихаттау шаралары, «Ұлттық зергерлік бұйымдар» атты қашықтықтан көрме, «Ұлттық киім ерекшеліктері» атты қашықтықтан тақырыптық экскурсия және т.б. іс-шаралар тұрақты негізде жүргізіліп келеді.

«Үнем – қоғам қуаты» арнайы жобасы

Әр түрлі жастағы азаматтардың тікелей қажеттіліктері мен әлеуметтік, рухани құндылықтарын ескере отырып, экологиялық тәрбиені нығайтуға және дамытуға, халық арасында «үнемділік» мәдениетін танымал ету және өңірде қоғамның өзін-өзі ұйымдастыру процестерін ұқыпты қарауға бастамашылық ету негізінде үнемді мінез-құлықтың тұрақты моделін қалыптастыруға мүмкіндік беретін жобалар іске асырылуда.

«Құқықтық мәдениет» арнайы жобасы

Сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ сенім деңгейін және халықтың кері байланысын арттыру мақсатында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында республика соттары бірқатар іс-шаралар өткізді. Мәселен, 356 брифинг, 468 Ашық есік күні ұйымдастырылды.

Профессорлық-оқытушы құрам «Жас заңгер мектебі» білім беру жобасын енгізді. Оның шеңберінде жалпы білім беру мектептерінің 8-11-сыныптары оқушылары заң сауаттылығы білімдерін игереді.

«Еңбек – елдің мұраты» арнайы жобасы

«Еңбек күні» мерекесі 2014 жылдан бастап жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын насихаттау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай» республикалық форумын өткізеді.

Ағымдағы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Ұлттық жаңғыру кезеңіне көшуі бойынша Жол картасы бекітілді.


Жоғары қарай