Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Рухани жаңғыру» құндылықтарды қайта қарауымызға түрткі болды - Әсем Қайдарова

2021 жылдың 16 сәуір 2021 11:53

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 4 жыл ішінде қазақстандықтардың санасын жаңғырта алды ма? Осы сауалды «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институтының басқарма басшысының орынбасары, саяси ғылымдар докторы Әсем Қайдароваға қойған едік. Бір сұрақтан басталған әңгіме тұтас сүхбатқа ұласты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Ұлт ұпайын түгендеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске асырылып жатқанына 4 жыл болыпты. Руханият саласындағы жұмыстың жемісін қолмен ұстап, көзбен көруге келмейтіні түсінікті. Дегенмен, негізгі қорытындыларын шығару үшін 4 жыл жеткілікті мерзім сияқты. Бұл кезеңді қандай жетістіктермен қарсы алып отырсыздар?

- «Сананы өзгертуден, атомды бөлу оңай» деген Альберт Эйнштейн. Атомды бөлу оңай шаруа емес, ал қалыптасқан сананы өзгерту, жаңғырту одан да қиын жұмыс. Сол себептен, 4 жылдың ішінде адамның санасы қаншалықты өзгергенін байқау мүмкін емес. Ал, 4 жылда сананы жаңғыртуға түрткі болатын жағдайлар жасалуы туралы айтып кетуге болады.

Мысалы, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы тарихи-мәдени нысандардың қайта түлеуіне жаңа серпін беріп, инфрақұрылымның дамуына жағдай жасады.

Жүргізілген жұмыстардың арқасында жалпыұлттық маңызы бар
780 киелі орынның тізімі жасалды, Қазақстанның киелі жерлерінің интерактивті картасы әзірленіп, іске қосылды. 44 нысанда ғылыми-реставрациялау жұмыстары және ескерткіштер инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта жүйелі түрде жыл сайын жұмыстар жалғасып келеді. Нәтижесінде ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда.

Пандемия онлайн саяхатты дамытты

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметі бойынша киелі жерлерге барған туристтер саны жыл сайын артып келеді.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы шеңберінде әлемдегі ең үздік 100 оқулық мемлекеттік тілге аударылды. 4 жылдың ішінде Білім және ғылым министрлігі ауқымды және сапалы жұмыс атқарды. Осы қысқа мерзімнің ішінде әлемнің жетекші ЖОО-мен, ғылыми орталықтармен және баспа үйлермен ынтымақтастық орнатылды. Ғалымдар тартылып, 100 шетелдік оқулық таңдалды. Әр оқулықты аударуға жоғары білікті аудармашы-мамандар тартылып, топтар құрылды, аударылған оқулықтар ЖОО-ның білім беру процесіне енгізілді.

«Туған жер» арнайы жобасы бойынша Білім және ғылым министрлігі «Өлкетану» сабағын оқу үрдісіне енгізу үшін қажетті ұйымдастырушылық және дайындық шаралар қабылдады. Бүгінгі күні, «Өлкетану» сабағы интеграцияланған курс ретінде барлық мектептердің 5-7 сынып оқушыларының оқу бағдарламасына енгізілді және «Өлкетану» хрестоматиясы дайындалып қолданысқа берілді.

4 жылдың ішінде 13 мыңнан аса меценат тартылып, 330 млрд. теңгеге
6 мыңнан аса әлеуметтік нысандар бой көтерді немесе жөнделді. Осы 13 мың меценатты еліміздің шынайы патриоттары деп айтуға толық негіз бар. Өйткені олар, еліне деген өз сүйіспеншіліктерін нақты істермен дәлелдеуде.

«Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру» арнайы жобасы шеңберінде 28 қаңтар 2021 жылы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында жаңа жетілдірілген қазақ әліпбиі қабылданды. Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің
28 дыбысы толық қамтылған.

- Бағдарламаның алғашқы жылдарында киелі жерлерге ерекше көңіл бөлінді. Киелі орындар картасы жасалып, мектеп оқушылары үшін танымдық саяхаттар ұйымдастырылды. Пандемия бұл жоспарды өзгерткен шығар. Киелі жерлерге онлайн саяхат жасау мүмкіндігі бар ма?

- Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап, рухани жаңғырудың жаңа саласын көрсетті.

«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру мақсатында 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің жанынан «Қасиетті Қазақстан» мамандандырылған ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Орталықта жалпыұлттық және жергілікті киелі орындарды анықтау мен өзектендіру жұмысымен айналысатын ғылыми-сараптамалық кеңестің
40 маманы бар. Кеңес жұмысына көрнекті ғалымдар, өлкетанушылар мен Қазақстанның қоғам қайраткерлері қатысады. Арнайы жоба басталғалы бері бүгінгі күнге дейін жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандардың тізіміне 205 нысан (оның ішінде 23 тарихи-мәдени ескерткіштерде ғылыми-реставрациялық жұмыстар аяқталды) және жергілікті маңызы бар нысандар тізіміне – 575 нысан енгізілді.

Бүгінгі таңда кез-келген адам 3D-турлары бар qazmaps.kz виртуалды картасы платформасындағы киелі нысандар мен тарихи-мәдени жерлерді өз ыңғайына қарай компьютермен де, ұялы байланыс телефоны арқылы да көреді.

Жалпы әлемге келген нәубет, оның ішінде елімізден де сырт айналып кетпеді. Пандемия салдарынан ауқымды жобалар мен маңызды іс-шаралар жоспары өзгергенімен, киелі жерлерге саяхат жасау онлайн форматта жалғасты.

Мысалы, Алматы облысы қолға алған «Жетісу 360» жобасы арқылы мектеп оқушылары, қарапайым халық музей экспонаттарының виртуалды әлеміне онлайн түрде 3D-тур жасауға мүмкіндік алды. Яғни, әрбір адам өзіне қажетті ақпаратты жылдам әрі түсінікті тұрғыда үйден шықпай-ақ облыс көлемінде орналасқан 22 музейге кез келген уақытта саяхат жасап, музейлерді тамашалады. Виртуалды музейді сандық мультимедиа көмегімен экспонаттарды суретке түсіруге және ол туралы ақпарат алуға және http://zhetysu360.kz/ сайтына кіріп, қалаған музейді таңдау арқылы 3 тілде ақпарат ала алды. Сонымен бірге, әр адам мешіттерге, сәулет және мәдени көрнекі орындарға Жетісу, Шарын шатқалы, Көлсай, Қайыңды және өзге туристік нысандарға виртуалды саяхат жасап, онлайн көре алды.

Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Түркістан облысындағы «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығығындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Қылует жерасты мешіті бар Сопылық орталық, Шілдеханның салттық ғимараты, Күлтөбе қалашығы, шығыс моншасы, Рабиға Сұлтан Бегім, Есім хан, Абылай хан, Жолбарыс, Қасым хан, Жәнібек батыр, Қазыбек би және басқаларының кесенелері, Хума мешіті, Шахристан, қамал қабырғалары, Әулие Құмшық ата жерасты мешіті, Әлқожа ата мен Гауһар ана кесенелерін виртуалды түрде танысуға мүмкіндік болды.

- «Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында неше тарихи ескерткіш пен «киелі орын» туристік карталарға жаңадан қосылды?

- Қазақстанның киелі жерлерін танымал ету, сондай-ақ сол нысандарға қолжетімділікті оңтайландыру мақсатында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» өңірлермен бірлесіп «2GIS» халықаралық компаниясының өңірлік өкілдіктерімен қасиетті нысандарды «2GIS» электронды картасына енгізу мәселесі бойынша жұмыстар жүргізуде.

Институт компания өкілдіктерімен картада бар киелі нысандарды енгізу туралы және жаңа нысандар бойынша толық ақпарат беру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Бүгінгі күні «2GIS» электронды картасына Нұр-Сұлтан қаласы бойынша

18 нысан, Алматы қаласы бойынша 15, Қарағанды қаласы бойынша
17, Шымкент қаласы бойынша 16, Павлодар қаласы бойынша 4, Атырау облысы бойынша 1 нысан енгізілді.

Қазіргі уақытта «2GIS» электронды картасына барлығы 71 тарихи-мәдени орындар, ескерткіштер және киелі нысандар енгізіліп, тарихи және өзге де маңызды нысандар жөнінде ақпарат жарияланып отыр. «2GIS» қосымшасында «Қызықты жерлер» атты бөлімді таңдап, ол жерден нысандар туралы ақпаратпен қатар, фотосуреттерді, пайдаланушылардың пікірлерін де көруге болады. Бұл жұмыс басқа да өңірлермен жүргізілуде. Әзірге, әр өңір «2ГИС» картасына ене алатын сакралды нысандарды анықтауда.

«Қазақ хандығының Осман, Иран, Қытай әміршілерімен алмасқан хаттарына қол жеткіздік»

- Бағдарлама шеңберінде археологиялық зерттеулерге көңіл бөлініп, қомақты қаржы жұмсалғаны белгілі. Сол зерттеулердің нәтижесінен әлем халқы қаншалықты хабардар болып жатыр? Археологиялық қазбалардың арқасында музейлер қоры қанша экспонатпен толықты?

- 2017 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің бірнеше аймақтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Соның ішіндегі ірілерінің бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы археология ескерткіштерінде жүргізілген жұмыстар. Қазба жұмыстарының қорытындысы бойынша 20 мыңнан астам артефакт анықталды. Табылған жәдігерлер Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорын толықтырды. Олардың бір бөлігі қалпына келтіру және зерттеу жұмыстарына жіберілді.

«Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» жобасы аясында 2019 жылдың
15-24 шілде аралығында Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына ғылыми экспедиция ұйымдастырылды, оған шетелдік сарапшылар қатысты: Бельгиядан-Лувен университетінің антропология зертханасының профессоры Анна-Мари Вильмено және академик Алан Ералы, Жапониядан – Осако Ұлттық музейінің Қазақстан және Орталық Азия қорының басшысы доктор Токо Фудзимото, Ресейден-Алтай университетінің профессоры Н. О.Тадышева.

Экспедиция қорытындысы бойынша «Алтай Ұлы дала тарихы мен мәдениетінде» атты халықаралық дөңгелек үстел өткізілді. Зертеуге Қазақстанның ғылыми институттарының өкілдері шетелдік ғалымдармен білесіп еліміздің құнды жәдігерлерін терең зерттеп халықаралық аренаға (Жапония, Белгия, Ресей және Орта Азия елдері) таныстыра алды.

- Экспедициялармен қатар «Архив-2025» бағдарламасы қолға алынды. Нақты нәтижесі қандай? Бұрын белгілі болмаған немесе қол жетпей жүрген қандай жәдігерлер мен құнды құжаттар елге әкелінді? Бұл істе қай елдердің қолдауын сезіне алдыңыздар?

- «Архив-2025» жобасы Қазақстан халқының дүниетанымының, өткені, бүгіні мен болашағының іргелі негіздерін түсінуге көмектесуі керек. Осы ретте, елімізде «Ұлы Дала тарихы мен мәдениетін зерттейтін археографиялық қоғам» құрылды. Ұлыбритания, Франция, Италия, Ресей, Украина, Польша, Венгрияға сияқты мемелекеттерде археографиялық экспедициялар өткізілді.

Жалпы, 2019 жылдан бастап шетелдегі археографиялық экспедициялар кезінде 67 дана қолжазбалар мен манускрип, 30 дана каталог, 17198 бет мұрағат құжаты, 5068 бет мұражай жәдігерлерінің фотокөшірмесі, 393 мерзімді басылым, 32 карточка мен
154 сирек кітап сатып алынды.

Шетелдік қорларда ашылған жаңа материалдар негізінде қазақтардың сыртқы саяси, экономикалық және мәдени тарихы қалпына келтірілуде. Мысалы, сыртқы саяси қатынастарды зерттеу кезінде ел билеушілердің көрші мемлекеттермен хат жазысуы маңызды дерек көзі болып табылады. Өйткені оларда Орта Азия билеушілері туралы мәліметтер бар.

Бұл тұста, Осман сұлтандарының, ирандық шахтардың сарай хаттамалары мен дипломатиялық хат-хабарлардың көшірмелерін ерекше атап өту керек. Табылған «Инша-е Окехи-Заден», «Түрік хаттар жинағы», «Эпистолярлық түрік мұрасы», «Түрік патша хаттары», хаттар жинақтары Осман империясының Қазақ хандығымен дипломатиялық қарым-қатынастар тарихы туралы жаңа мәліметтерді қамтиды.

Шайбанидтер, Аштарханидтер тарихы бойынша толық Британдық тізім болып табылатын Ходжам Құлыбек Балхидің «Тарих-и Қыпшақ-хани» қолжазбасын ерекше атап өткен жөн. Еңбекте қазақтардың, өзбектердің тарихы бойынша құнды материалдар бар және онда қалалардың атаулары, топографиялық терминдер, өлшеу шараларының атаулары (ұзындық, салмақ, арақашықтық) көрсетілген.

Қытай мұрағаттарына экспедиция нәтижелі болды. Ол жақтан Цин империясының құжаттарының көшірмелері әкелінді. Бұл құжаттар қазақ-қытай, қазақ-орыс, қазақ-қоқан, қазақ-хиуа сыртқы саяси қатынастарының тарихын ашады. Абылай хан, Сұлтан Болат хан, Уәлидің хат-хабарлары туралы ерекше мәліметтер бар.

Орталық және Оңтүстік Азияның геосаяси, саяси және экономикалық, трансшекаралық мәселелері туралы мәліметтерді «India Office Records» жинағынан таптық.

- «Рухани жаңғыру» кезінде анықталған киелі орындардың келешекте күтіп ұсталуы қалай іске асатын болады? Өйткені елімізде «қара археологтар» да ғалымдардан қалысатын емес. Ғарыштан бақылау, бейнебақылау орнату сияқты заманауи шешімдер қарастырылған ба?

- Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі № 86 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 15 сәуірде № 20395 болып тіркелген «Тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау аймағын, құрылыс салуды реттеу аймағын және қорғалатын табиғи ландшафт аймағын және оларды пайдалану режимін айқындау қағидаларын бекіту туралы» заңнамасына сай еліміздің жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандардың тізіміне 205 нысан және жергілікті маңызы бар нысандар тізіміне – 575 нысан мемлекет қорғауына алынған. Аталған заңнаманың 2 тарауындағы 4.5 тармағына сәйкес қорғау аймақтарын айқындау жобасын жергілікті атқарушы органдары бекітеді.

Жергілікті атқарушы органдарда аймақтық археологиялық картаға бейнеленіп, қазба жұмыстары мен сакралды аймақтары айқындалады. Сол себепті де, әр өңірдегі киелі орындар тікелей облыс әкімдерінің қарамағында баса назарда болады. Яғни, қорғауға алынған аймақтар қоршалып, күзет қызметкерлерімен және бейне бақылау камералары орнатылады.

Көптеген отандастарымыз құндылықтарды қайта қарап жатыр

- Бағдарламаның арқасында қазақстандықтардың санасы рухани тұрғыда қаншалықты жаңғырды деп ойлайсыз? Оның нақты өлшемдері, көрсеткіштері бар ма?

- 2017 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруы туралы өзінің пайымын баяндайтын мақала жазды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланғаннан бері төрт жыл өтті. «Бағдарлама қазақстандықтардың санасына қалай әсер етті?» деген сұрақ заңға сыйымды. Қоғамдық сананы өзгерту маңызды және ұзақ процесс екенін түсіну керек, ол уақытты қажет етеді. Құндылық түсініктері – бұл өте тұрақты және статикалық, тез өзгере алмайтын, адам санасының өте консервативті саласы. Қазіргі уақытта түбегейлі өзгерістер туралы айтуға әлі ерте, бірақ біз қазақстандықтардың санасының қалай өзгеріп жатқанын байқай аламыз.

Қазақстандықтардың санасын жаңғыртудың динамикасы мен сипаты туралы түсінікке ие болу үшін «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ тұрақты зерттеулер жүргізіп отырады. Мұндай зерттеулердің өзіндік қиындықтары бар, олардың ең бастысы – нақты көрсеткіштерді күткен кезде сананың жаңғыруын өлшеу қиындығы. Сандық әдістер арқылы (мысалы, жаппай әлеуметтанулық сауалнамалар) құндылықты, әсіресе рухани көзқарастарды өлшеу әрдайым мүмкін емес. Сонымен қатар, адамдар нақты шаралар мен құндылықтардың өзгеруі, мінез-құлық қатынастары арасындағы тікелей байланысты саналы түрде сезінбейді немесе көрмейді. Айта кету керек, бізге халықтың бағдарлама мен оның құрамдас бөліктері туралы хабардар болуы ғана емес, оның бұқаралық санаға әсері де маңызды.

2019 жылы жүргізілген алғашқы әлеуметтанулық зерттеулердің бірі бағдарламаның халыққа әлсіз әсерін көрсетті. Осылайша, телефон арқылы сауалнама жүргізу барысында респонденттерден «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өздеріне оң әсерін сезініп отыр ма деп сұрады. Респонденттердің төрттен бірі (25,3%) оң әсерін атап өтті. Сұралғандардың жартысынан көбі (58,3%) бағдарлама оларға ешқандай әсер етпегенін көрсетті.

«Егде жастағы халықтың саяси көзқарастары мен бағдарлары» атты тағы бір әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелері (2019 ж.) қазақстандықтардың санасындағы жаңғырту процесі баяу, бірақ дұрыс қадамдармен жүріп жатқанын көрсетті. Сонымен, «Сіз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шығуына байланысты адамдардың мінез-құлқындағы оң өзгерістерді сезесіз бе?» әрбір үшінші адам оң жауап берді («Иә, адамдардың санасы жақсы жаққа өзгеруде» - 34,9%).

2020 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың тиімділігі» атты әлеуметтанулық зерттеу жүргізілді. Алынған нәтижелерге сәйкес, бағдарлама туралы білетін респонденттердің 78% оны қолдайды. Қазақстандықтардың тек 10,4% бағдарламаны және оның идеяларын қандай да бір дәрежеде қолдамайды.

Соңғы мәліметтер көрсеткендей, заманауи қазақстандық, респонденттердің пікірінше, ең алдымен білімді болуы керек (62,3%). Сонымен қатар, респонденттер жауапкершілік, мақсаттылық, заңға бағыну сияқты қасиеттерді сұранысқа ие деп санайды. Әрбір үшінші адам өз уақытын жоспарлау және өмірлік басымдықтарды анықтау, тілдерді білу, бәсекеге қабілеттілік және жігерлілік қабілеттерін басты құндылық ретінде атады.

Азаматтардың 70,4%-ы кәсіби жетістікке ұмтылудың маңыздылығын, 57,3%-ы жоғары білім алуды талап етеді. Респонденттердің 51,3% тренингтер мен онлайн оқыту арқылы білімдерін үнемі жетілдіру қажет деп санайды.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың 78,6%-ы әркім ақшаны ұтымды жұмсап, «өз мүмкіндігіне сай өмір сүруі» керек деген ұғыммен келіседі. Респонденттердің 72,5%-ы тойларды, отбасылық іс-шараларды несиеге өткізуді құптамайды. Оның 4,4%-ы соған несие алғанын және өкінетінін көрсетті.

Жоғарыда келтірілген деректер қазақстандықтардың санасындағы өзгерістер басталғанын меңзейді.


Жоғары қарай