Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 385.16
EUR 425.95
RUB 6.01
CNY 54.51

Румыния қалаларында қазақ музыкасы әуеледі

2019 жылдың 1 тамыз 2019 23:50

РУМЫНИЯ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы Академиялық халық аспаптары оркестрі Румынияның ірі қалалары – Бухарест және Констанцада концерттік турне өткізді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.




Іс-шара Қазақстанның Румыниядағы Елшілігі мен Түркияның Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы шеңберінде Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) мен Румыниядағы Юнус Эмре Мәдениет орталығы ұйымдастырды.

Дирижер Дүйсен Үкібайдың жетекшілігімен концерттер барысында әлемдік классикалық авторлардың және танымал қазақ композиторларының туындылары орындалды.




Әнші Талғат Ыдырысов, Гүльмира Тапай және Дәуренбек Аркенов өнер көрсетіп, түркі халықтарының музыкалық мәдениетімен таныстырды. Оркестрмен бірге Әзербайжан, Қырғызстан және Түркияның танымал әртістері сахнаға шықты.

Концерттік бағдарламаға Түркештің «Көңіл ашар», Тәттімбеттің «Сылқылдақ», Құрманғазының «Сарыарқа», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Жаяу Мұсаның «Ақ сиса», Нұрғиса Тлендиевтің «Әлқисса», Моцарттың «Түрік маршы» және тағы да басқа көптеген шығармалар енді.




«Концерттерге өнер қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, академиялық және іскерлік ортаның өкілдері, Қазақстан мен Румынияның азаматтары қатысты. Қонақтар қазақстандық музыканттардың кәсіпқойлығын, жарқыраған өзіндік қасиетін, үйлесімділігін және орындауларының тазалығын жоғары бағалады», - деді СІМ-нен.

Бұған дейін Тәттімбет атындағы оркестр АҚШ, Ирак, Иран, Оңтүстік Корея, Ресей, Словакия, Түркия, Франция, Чехия, Швейцария және Швеция секілді елдерде концерттер өткізген.




Алдағы 2-6 тамыз аралығында Қарағанды қаласының Академиялық оркестрі Васлуй атты румын қаласының Халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысып, концерттік турнесін жалғастыратын болады.

Жоғары қарай