Ауа райы
Астана -20 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Руслан Дәленов биылғы жалпы ішкі өнім мен мұнай бағасына түсінік берді

2020 жылдың 21 қазан 2020 11:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020 жылға арналған нақтыланған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Болжамды нақтылауынын негізгі факторлары мыналар: бұл – 2019 жылғы жалпы ішкі өнім бойынша өзектендірілген есептік деректер, ағымдағы жылдың басынан бергі жедел деректер, мұнай өндірудің жоспарын түзету, сондай-ақ әлемдік нарықтағы мұнайдың бағалануы.

«Яғни, 2019 жылғы өзектендірілген жалпы ішкі өнім көлемі 0,9 трлн теңгеге артып, 69,5 трлн теңгені құрады. Бұл ағымдағы жылғы болжамды есептеу базасын ұлғайтты. Сонымен бірге, болжамда экономиканың нақты секторындағы, қызмет көрсету саласындағы үрдістері мен мұнай бағасының конъюнктурасы ескерілді. Әлемдік экономика өсімі Халықаралық ұйымдардың консенсус-болжамы бойынша ағымдағы жылы минус 5 пайызды құрайды, ал 2021 жылда өсім күтілуде», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, халықаралық ұйымдар Қазақстан экономикасының нақты өсімін биылғы минус 2,3 пайыздан минус 2 пайыз аралығында бағалайды. Келесі жылға тұрақты өсімді болжап отыр.

«Экономика секторларының ағымдағы үрдістерін ескере отырып, біздің бағалауымыз бойынша, 2020 жылғы нақты жалпы ішкі өнімнің өсімі минус 2,1 пайызды құрайды. 2020 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 69,8 трлн теңге көлемінде бағалануда. Ол бұрын нақтыланған көрсеткіштен 102 млрд теңгеге жоғары. Бұл 2019 жылғы базалық көрсеткіштердің өсуімен байланысты», - деді Р. Дәленов.

«Мұнайдың есептік бағасын ескере отырып, болжамдық бағаны 20 доллардан 40 долларға дейін арттыру ұсынылады. Қаңтар-қыркүйекте мұнайдың орташа бағасы бір баррелге 42 долларды құрады. Нақтыланған жоспар бойынша мұнай өндіру көлемі 85 млн тоннаны құрайды. Тауарлар экспорты 45,5 млрд долларға дейін артады, импорт 33,8 млрд долларды құрайды. Осылайша, оң сауда теңгерімі 3,2 млрд-қа ұлғайып, 11,7 млрд доллар көлемінде болжануда», - деді ведомство басшысы.


Жоғары қарай