Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

«Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!»: Нәрестелерге Президенттің құттықтау хаттары жеткізілуде

2021 жылдың 18 желтоқсан 2021 17:50

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 16-17 желтоқсан күндері дүниеге келген 2 мыңнан астам сәбиге Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай baby-бокстар сыйға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сүйінші» сыйлық жиынтығында бөбектерге қажетті заттардан басқа, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы және баланың тууы туралы куәлігі салынған.

«Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!», - деп жазылған Президенттің құттықтауында.




16 және 17 желтоқсанда туған балаларға туу туралы куәлікті алу туралы өтінімдерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері қабылдап, әрі қарай Қазақстан азаматының алғашқы құжатын ресімдеу үшін АХАЖ органдарына жолдады.

Айта кету керек, «Сүйінші» сыйқораптарын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкіметпен бірге және ҚР Ұлттық банк, Центркредит банкі және «Қазпошта» АҚ қатысуымен ұйымдастырды.

«Өздеріңіз білетіндей, бала туғаннан кейін оларға баланың бірінші құжатын проактивті түрде рәсімдеу ұсынысымен смс келеді. Сондай-ақ, өтінішті портал немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы беруге болады. Біздің қызметкерлер перзентханаларға барып, босанған әйелдерден тікелей өтініш алды.

Алматы қаласы бойынша мереке күндері 215 бала дүниеге келді. Біздің қызметкерлер құжаттарды одан әрі жедел дайындау үшін АХАТ-қа жіберді. Барлық мереке күндері ХҚКО-ның, Қазпоштаның барлық қызметкерлері Президенттің құттықтауы мен сәби бокстарын жеткізу және бокстарды дайындау жұмыстарын жүргізді. Туу туралы куәлікпен қоса, қорапта ҚР Ұлттық банкінен 30 жылдық мерейтойлық монета және ЦентрКредит Банкінен дайындалған баланың күтім заттары бар», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ермек Бекжүнісов.

«Дүниеге сәбиіміз келіп бір қуансақ, «Сүйінші» қорабын алып қуанышымыз еселеніп жатыр. Оның үстіне сәбиіміз мереке күні дүниеге келді. Қуанышымда шек жоқ. Президенттің өзі құттықтау хатын жолдап жатса, неге қуанбасқа! Балам Қазақстан Республикасының бақытты балаларының бірі болып өседі деп сенемін! Өмірге алғашқы келген күннен құрметке ие болып жатыр. Елімізде аналар да, балалар да бақытты болсын!» - дейді Алматы қаласының тұрғыны Гүлфия Ескелдинова.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тәуелсіздік мерекесі күндері дүниеге келген барша нәрестенің ата-аналарына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хат және сыйлық жиынтығы тапсырылатын болады.

















Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/tauelsizdik-merekesinde-tugan-narestelerdin-uyine-prezidentten-kuttyktau-hat-pen-syylyk-zhetkiziledi_a3875616


Жоғары қарай