Ауа райы
Астана -3 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сәкен Қалқаманов жалған ақпараттармен күресудің өңірлік тәжірибесімен бөлісті

2020 жылдың 11 қараша 2020 19:10

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Арыс оқиғасы, Сардоба су қоймасының әлегі мен пандемия салдары... Осынау қиын жағдайларда әлеуметтік желіде жалған ақпараттар желдей есіп, қоғамда біршама дүрбелең тудырғаны белгілі.

Осындай жағдайда Түркістан облысының ақпарат саласына жауапты мамандар жалған ақпараттар легін қаншалықты еңсере алды? Осы мәселеге байланысты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия кезінде халықпен байланыс жасаудың мынадай тәсілін таңдап алдық. Яғни, жалған ақпараттарға мән бермей, жарты сағат сайын ақпарат таратып отырдық. Ақпарат таратқанда коммуникацияның барлық арнасын, дәстүрлі БАҚ-тан, әлеуметтік желілерден бастап әртүрлі платформаларға дейін пайдаландық. Жеке өзім Facebook парақшам арқылы тікелей эфирге шығып, сұрақтарға жауап беріп отырдым», - деді Сәкен Қалқаманов Astana Media Week 2020 шарасының «Пандемия және БАҚ-қа сенім дағдарысы» пленарлық сессиясында.

Түркістан облысында сонымен қатар жарты күн сайын баспасөз мәслихатын кезек-кезек өткізген сарапшылар пулы жасақталған.

«Одан бөлек халықтың жүрегінен орын тапқан шынайы жағдайларды ақпарат ретінде көбірек таратуға тырыстық. Мәселен мектептегі өртті сөндіріп болып, қатты шаршап сол маңда ұйықтап кеткен өрт сөндіруші туралы материал (Арыстағы оқиға) халықтың сүйіспеншілігін тудырды. Осынау жағдайлар билікке, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға атсалысқан адамдарға деген сенімді нығайта түсті. Осылайша сарапшылар растағандай мақсатты топқа ақпарат жеткізу міндетін жөнімен атқардық деген ойдамын», - деді ол.

Сәкен Қалқаманов сондай-ақ пандемия кезінде де ақпараттық салаға баса назар аударылғанын жеткізді.

«Пандемиямен қатар осы жылы Өзбекстанда су қоймасы жарылып, Мақтарал ауданының біраз бөлігін шайып кеткенін білесіздер. Бұл – біздің облыстың халық ең тығыз орналасқан ауданы. Тағы бір дағдарыспен күресте де жалған ақпараттар көп тарап кетті. Оған қарсы да ақпараттық саясатты күшейттік. Бағымызға орай мамандарымыз осы сындардан ысылып қалды. Күн сайын өрт сөндіретін төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері секілді біздің облыста ақпараттық салада бірегей коммуникацияны қалыптастырдық деген ойдамын. Бұл тәжірибемен бөлісуге дайынбыз», - деді ол.

Айта кетсек елорадада Astana Media Week 2020 шарасы өтіп жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – отандық медиасаланы дамыту мен индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты аймақтық және халықаралық деңгейде ілгерілету. Медиаапталық төртінші жыл қатарынан әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші сарапшыларды дәстүрлі түрде жинап келеді және өзекті тақырыптар талқыланады.



Жоғары қарай