Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Салық халықтың ақшасы екендігін есте ұстау керек - Тоқаев

2020 жылдың 24 қаңтар 2020 14:20

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Салық халықтың ақшасы екендігін есте ұстау керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Фискалды саясат байыпты түрде жаңғыртуды қажетсінеді. Оның басты міндеті - бюджет кірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және ұлттық табысты әділ бөлу, экономикалық өсім құрылымы мен сапасын жақсарту. Жаңа салық кодексі, жаңа кеден кодексі қабылданып, қолданысқа енгізілді. Үкіметке еркін экономикалық аймақтарды басқару өкілеттігі берілді. Қандай нәтижелеріміз бар?», - деп тоқталды Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің атап өтуінше, белгілі бір саланың дамуындағы проблеманы шешу үшін салықтық жеңілдіктерді қолдану жаппай әдетке айналған.

«Әрине, саланы жүйелі түрде дамытуға, өткізу нарықтарын құруға, салалық реттеуді жөнге келтіруге қарағанда салықтық жеңілдіктер беру жеңіл әрі жылдам. Бірақ, салық халықтың ақшасы екендігін есте ұстау керек. Оның есебінен жалпы мемлекеттік ұзақмерзімді тапсырмалар, қорғаныс, медицина, білім беру және басқалары орындалады. Салықтық жеңілдікті жекелеген салалар мен кәсіпорындар алып отыр», - деді Мемлекет басшысы.


Жоғары қарай