Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Самурайлардың қорғанысын тас-талқан еткен Ікей батыр туралы не білеміз? - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2021 жылдың 11 қыркүйек 2021 12:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Бір белдеу - бір жол» әдебиет одағы құрылды - «Жэньминь жибао» (People Daily)

7 қыркүйек күні Бейжіңде Қытай жазушылар қауымдастығының бастауымен «Бір белдеу - бір жол» әдебиет одағы құрылды. Дүниенің әр жерінен келген қауымдастық мүшелері құрылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды People Daily.

«Аталмыш одақтың құрылуындағы мақсат - әдебиет алмасуын нығайтуға, жазушылар арасындағы достықты бекемдеуге, көрнекті әдеби шығармаларды аудару және таратуға жәрдемдесу, өркениеттердің алмасуы мен өзара үйренуге қолайлылық орнықтыру. Сол арқылы халықтар арасындағы ауыс-түйісті нығайтуға бағытталады», деп жазды қытайлық БАҚ.

«Жэньминь жибао»-дың келтірген дерегіне сүйенсек, «Бір белдеу - бір жол» әдебиет одағы көптеген елдердің әдеби қауымдыстықтары мен жазушыларының қолдауына ие болған. Қытай Жазушылар қауымдастығынан басқа, Қазақстан, БАӘ, Пәкістан, Палестина, Филиппин, Корея сынды 35 мемлекеттегі 30 қоғам да ықпалды әдеби топтар, 19 әдебиетшілер мен аудармашылар одағының негізін қалаушы ретінде бірікті.

Айта кетейік, Одақтың хатшылығы Қытай Жазушылар қауымдастығында орналасқан. Сол күні «Бір белдеу - бір жол» әдебиет одағының ресми сайты ашылған.

Самурайлардың қорғанысын тас-талқан еткен Ікей батыр туралы не білеміз? - Kaznews

Саяхатшы Х.Энхтайван әлеуметтік желісінде Ікей батыр Мәзімұлы туралы қызықты жазба жариялап, қазақтың қайсар ұлы туралы мәліметпен бөлісіп, жастарға батыр туралы кеңірек оқуға шақырды, - деп хабарлайды Kaznews ақпараттық порталы.

«Баян-Өлгий аймағына саяхаттап барған жастардың бәрі осынау керемет ескерткіштің жанында тұрып суретке түсіп жатқаны байқалады. «Кімнің баласы, не үшін осылай мәңгілік естелікке айналған…» деген ой кейбіреулерді мазалайтыны сөзсіз. Бұл Моңғол Халық Республикасының батыры, қазақ халқының қайсар ұлы Ікей Мәзімұлының ескерткіші», деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Айта кетейік, 1939 жылы Жапония милитаристері Моңғолия жеріне Халхин ғол бойында басып кіргенде Ікей Мәзімұлы соғысқа Л.Дандар басқарған 6-атты әскер дивизиясының 15-полк командирі ретінде қатысады. 1939 жылы 24 шілдеде Ікей Мәзімұлы жаудың қорғаныс шебін бұзып кіру бұйрығын алады. Ротасын бастап, самурайлардың шебін бұзып, қорғанысын тас-талқан етіп, зеңбіректің дөп тиген оғынан жараланып, соңғы демі шыққанша шабуылдап, отан үшін ерлікпен қаза тапқан қазақтан шыққан қас батырдың бірі.

Kaznews ақпараттық порталының келтірген дерегіне сүйенсек, Мәзімұлы Ікейге 1979 жылы Халхин гол соғысының 40 жылдық даталы мерекесінде «Моңғол Халық Республикасының Батыры» атағы берілген.

«Халхин гол соғысының аңызы Л.Дандар батыр жазушы С.Дашдооровқа берген сұхбатында: «Мені батыр дейсіңдер. Бірақ нағыз батыр – Мәзімнің Ікейі еді. Соғыс аяқталғанға дейін мен Ікейдей батырға кездескен емеспін. Ол соңғы бір тамшы қаны біткенше ротасын бастап майданда ерлік көрсетті…» деген. Кейін Халхин гол соғысының даталы мерекесінде Дандар батыр соғыс болған жерге барып Ікей батырдың жүрек шымырлатар тағдырын еске алып, тоқтамай жылаған деседі», деп жазады Kaznews ақпараттық порталы Ікей батыр туралы жазбасында.

Тоқаев: Әлемдік қауымдастық Ауғанстанды жалғыз қалдырмауы тиіс - Parstoday

Ирандық Parstoday ақпараттық порталында осындай тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Қазақстан Президенті әлемдік қауымдастықтың осындай қысылтаяң шақта Ауғанстанды жалғыз қалдырмайтынына үміт білдірді, деп хабарлайды аталған БАҚ.

Parstoday ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сөздерін Нұр-Сұлтандағы шет елдердің бірқатар жаңа елшісінің сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде айтқан.

«Қазақстан-Өзбекстан: Тәуелсіздік дастаны» атты конференция өтті - «ӨзА»

Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігі және Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық ғылыми кітапханасы және Ә. Науаи атындағы Өзбекстан ұлттық кітапханасы өкілдерінің қатысуында «Қазақстан-Өзбекстан: Тәуелсіздік дастаны» атты халықаралық онлайнды конференциясы өтті, деп хабарлады «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.




Екі елдегі беделді кітапхана өкілдері мен зиялы қауым, мұғалім, ғалымдар мен бір топ БАҚ өкілдері қатысқан айтулы конференцияда, Тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген жетістіктер мен бірге Егемендік жолында арман-мақсаттардың орындалғаны жайлы сөз айтылды.

Өзбектсандық БАҚ-тың дерегінше, конференцияда екі бауырлас халықтың арасындағы достық, тәуелсіздік жылдарындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның өзіндік бейнесі, ерекшеліктері мен мәртебесі бар табысты елге айналғаны айтылған. Орталық Азиядағы Өзбекстан мен Қазақстанның беделі, аймақтағы әлеуеті және тату көршілік ынтымақтастығы туралы баяндама оқылды.




Айта кетейік, конференцияның өту барысы фейсбук әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде көрсетілді.


Автор Бейсен Сұлтан
Басты сөздер: БАҚ, Қандастар,
Жоғары қарай