Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сапарбаев Таразда пәтерлердің суық болуына қатысты жауаптыларды сынға алды

2020 жылдың 27 қараша 2020 13:19

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы жиын өткізіп, жылумен қамтуға қатысты кемшіліктерге жол берген жауапты тұлғаларды сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Таразда жылыту маусымы мерзімінен сәл ертерек басталды. Әлеуметтік нысандарға 1 қазаннан, тұрғын үйлерге 7 қазаннан бастап жылу берілген. Алайда кейібір пәтерлерде жылымай жатыр. Өткен аптада облыс орталығының тұрғындары әлеуметтік желіде жылудың нашар берілуіне қатысты шағымдана бастаған.

Аймақ басшысы шұғыл әрекет етіп, қала әкімдігі мен салалық басқарма басшылығына бұл мәселені жедел шешуді тапсырды. Арнайы комиссия 30-дан астам көппәтерлі тұрғын үйді тексеріп, жағдайды анықтады. Кейбір пәтерлерде температура белгіленген ең төменгі көрсеткіш 20 градустан төмен болған.




Тексеріс нәтижелері бейне-селекторлық режимде өткен кеңесте талқыланды. Онда облыс әкімі жылумен қамтамасыз етуші ұйымдар мен мемлекеттік органдардың басшыларына сауалдар жолдады.

«ТаразЭнергоОрталық» АҚ басшысы Әбутәліп Серікбаевтың айтуынша, қаланың бірнеше шағын аудандарында техникалық себептерге байланысты температуралық режим сақталмаған.

Алайда, бүгінгі күні барлық ақаулар жойылып, жылу нормаға сәйкес берілуде.

«Аязды күндер әлі келген жоқ, ал тұрғындар қазірдің өзінде-ақ пәтеріндегі суыққа шағымдана бастады. Барлық шағын аудандардан маған әлеуметтік желі арқылы шағым түсті. Қазір ауа-райы жыли түсіп, мәселе өздігінен шешіле қалды. Алайда, нағыз аяз қысқанда не істейсіздер? Тұрғындардың өтінішіне жедел жауап беруге міндеттісіздер. Сіздер және басшыларыңыз үйлер мен әлеуметтік нысандарды жеке тексеріп шығуға тиіссіздер», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Қала әкімінің орынбасары Асхат Есеналиев тұрғындардың барлық өтініштеріне жауап ретінде шаралар қабылданып жатқанын айтып, ақталуға тырысты.

«Жылу мәселелері бірінші рет талқыланып отырған жоқ. Жылы ауа-райы басшыларды босаңсуына себеп емес. Мұндай проблемалар облыстың кейбір аудандарында да кездеседі. Жылумен жабдықтаушы ұйымдар өз міндетін толығымен орындауы керек. Сіздердің міндеттеріңіз – осыны қадағалау», - деді Бердібек Сапарбаев аудан әкімдеріне тапсырма жүктеп.

Сондай-ақ, ол қалалық әкімдікке ПИК басшыларымен бірлесіп, белсенді әрекет етіп, тұрғын үйлердің жылыту маусымына алдын-ала дайындығына баса назар аударуды тапсырды.

«Бұл мәселелердің барлығын жедел шешу керек», - деп түйіндеді аймақ басшысы.


Жоғары қарай