Ауа райы
Астана 31 °С
Алматы 29 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Сапарбаев жылу жүйелерін жөндеу жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын сынға алды

2020 жылдың 11 шілде 2020 05:13

ТАРАЗ. ҚазАқпарат -Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығын аралап, ыстық суға қатысты бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының ресми сайтына сілтеме жасап.

Бердібек Сапарбаев Қ.Тұрысов, Т.Рысқұлов және әл-Фараби көшелеріндегі, Койгелді көшесінен Сәтбаев көшесіне дейінгі жылу желілерін жөндеу жұмыстарымен танысты. Желілердің ұзындығы 866 метрді құрайды. Мердігер - «Агроспецстрой» ЖШС. Мамыр айында жұмыс басталған жұмыс келісім бойынша қазан айында аяқталуы керек.

Жуырда ғана өткен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі кеңесте Бердібек Сапарбаев шұғыл түрде ыстық сумен қамтамасыз етуді қалпына келтірудің шешімін табуды, сонымен қатар, жылу жүйелерін жөндеуді тездетуді тапсырған болатын. Өңір басшысы мердігерлерді жұмыстың баяу жүргізілгендігі үшін сынға алды.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі компанияның аталған ескертулерді елемегеніне көз жеткізді. Құрылыс алаңдарында бір ауысымда 18-20 құрылысшы ғана жұмыс істеуде.

- Тек бір ауысым жұмыс істейді. Жұмысшылар кеш келеді, ерте кетеді. Әрине, мұндай қарқынмен жөндеу шаралары ұзаққа созылады. Мердігерлердің жүйесіз жұмысының салдарынан тұрғындар бірнеше ай бойы ыстық сусыз отыруға мәжбүр, - деді облыс әкімі.

Ол құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды және салынып жатқан инфрақұрылымның сапасына назар аудару керектігін баса айтты.

- Тағы екі ауысымды қосу керек. Құрылысшылар күндіз-түні жұмыс істеуі керек. Бұл үшін олардың жалақысын көбейткен дұрыс. Нәтижесінде нысандар уақыт созбай пайдалануға берілетін болады. Осылайша, жедел жұмыстардың арқасында ыстық су беру де қалпына келтіріледі, - деді Бердібек Сапарбаев.

Мердігер өкілі кемшіліктердің түзетілетіндігіне сендірді.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев бірнеше дәріханаларға ат басын бұрды. Бір апта бұрын дәріхана желілері өкілдерімен және медициналық өнімдерді жеткізушілермен кездесуде ол облыс тұрғындарын қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді, тапшы дәрілердің аналогтары туралы ұсынуды тапсырған болатын.
«Әмір и Д» ЖШС директорының орынбасары Әмір Нұрсейітовтың айтуынша, дәрі-дәрмектер күн сайын жеткізіледі, бірақ тез өтіп кетуде. Сондықтан компания қазір көп сұранысқа ие препараттардың төрт түрін шығара бастаған.

Бердібек Сапарбаев жергілікті компаниялар шығаратын дәрі-дәрмектердің санын арттыруды тапсырды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловқа «СК-Фармация» ЖШС-мен тығыз қарым-қатынас жасап, медициналық мекемелердің дер кезінде дәрі-дәрмектермен қамтылуын бақылауды тапсырылды.

Қаланы аралау барысында Бердібек Сапарбаев облыстық көпсалалы ауруханасындағы жағдаймен де танысты.

Бас дәрігер Абай Нұржановтың айтуынша, төсек-орын мен дәрі-дәрмектер жеткілікті. Науқастардың туыстары үшін аурухананың кіреберісінде олардың ағымдағы жағдайы туралы пациенттердің тізімі ілулі тұрады. Сонымен қатар, кезекші дәрігер әрдайым туыстарын тыңдауға және олардың барлық сұрақтарына жауап беруге дайын.

- Науқастардың туыстарына оңай емес, оларға да жылы сөз, нақты ақпарат керек. Дәрігерлер олармен үнемі байланыста болуы тиіс. Науқастардың қабылдау бөлімінде ұзақ уақыт күтіп қалмауын, бірден палатаға жатуын қадағалау керек. Олар үшін барлық жағдайды жасау маңызды. - деп атап өтті облыс әкімі.

Ауруханаға түскен науқастардың туыстарын әңгімеге тартқан Бердібек Сапарбаев оларды үрейленбеуге, дәрігерлерге сенуге шақырды.


Жоғары қарай