Ауа райы
Астана 23 °С
Алматы 26 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Сарапшы: Карантин режимін бұзғандарға 83 мың теңге айыппұл - мәжбүрлі шара

2020 жылдың 2 шілде 2020 21:37

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Карантин режимін бұзған қазақстандықтарға айыппұлдарды бекіту – мәжбүрлі шаралардың бірі. Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Алуа Жолдыбалина білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Қазақстанда мемлекеттік комиссияның шектеу шараларын еңгізу туралы шешімі жарияланды. Карантиндік режимді бұзған жағдайда, қазақстандықтар үшін жаңа айыппұлдарды бекіту – маңызды шаралардың бірі. Карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бұзылған жағдайда жеке тұлғалар 30 АЕК немесе 83 340 теңге (шамамен 204 доллар), кәсіпкерлік субъектілері 230 АЕК немесе 638 940 теңге (шамамен 1560 доллар) және одан жоғары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұған дейін коронавирус бойынша карантин режимін бұзғаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, көптеген елдер өз азаматтарын тәртіпке келтіру үшін осы мәжбүрлі шараны енгізуде. Мысалы, 29 маусымда Әзербайжан Парламенті санитарлық-гигиеналық және карантин режимін бұзғаны үшін айыппұл мөлшерін бекітті. Жеке тұлғалар 200-400 манат аралығында (100-200 доллар), лауазымды тұлғалар – 3-4 мың манатқа дейін (1500-2000 долларға дейін) айыппұл төлейді. Әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мақсатында Әзербайжанда айыппұл сомасы 2 есеге артты.

«Бірқатар елде маска режимін бұзғаны үшін де айыппұл салынады. Түркияда 22 маусымнан бастап маска кию талаптарын бұзғаны үшін 900 лира (130 АҚШ долларынан астам) айыппұл төлейді. Аргентина қоғамдық орындарда масканың жоқтығы үшін 500 мың песоға (шамамен 7 мың доллар) айыппұл салуға ниетті. Украина үкіметі азаматтардың маска кию талаптарын орындамағаны үшін арнайы жауапкершілік белгіленетін заң жобасын мақұлдады», - деді ҚСЗИ өкілі.

Көршілес Ресейде маска-қолғап режимін бұзғаны үшін де айыппұл белгіленген: көлікте – 5 мың рубль (70 доллар), көшелер мен үй-жайларда – 4 мың рубль (56 доллар).

«Италия үкіметі де карантинді бұзғандарға жазаны күшейту мәселесін талқылауда, атап айтқанда, айыппұлды 3000 еуроға дейін ұлғайтпақ. Қазіргі уақытта Италиядағы айыппұл сомасы 206 евроны құрайды. Біз үшін де қазір әлеуметтік қашықтық, маска режимін сақтау аса маңызды. Айыппұл да осы сақтық шараларын күшейту үшін енгізілген», - деді Алуа Жолдыбалина.

Еске салайық, бүгін Мемлекеттік комиссия эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларды бекіткен болатын. Оған сәйкес, биылғы 5 шілдеден бастап елімізде 14 күнге бірқатар шектеу шараларын енгізу шешімі қабылданды.

Ал карантин талаптарын бұзған жеке және заңды тұлғаларға айыппұл салынады.

Сондай-ақ бұған дейін Еуропа елдерінде пандемияға байланысты енгізілген талаптарды бұзғаны үшін қарастырылған айыппұл сомаларын жазған едік.




Жоғары қарай