Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Сарыағашта қырыққабат егу жұмыстары басталды

2022 жылдың 21 қаңтар 2022 12:05

САРЫАҒАШ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Сарыағаш ауданының шаруалары жылына бір алқаптан үш рет өнім алу жобасын жүзеге асырып келеді. Бүгінгі таңда жергілікті шаруалар қырыққабат көшетін отырғызу жұмысын бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде бірнеше шаруа қатысып, қызу жұмыстар жүруде.

Егінді ерте бастағандардың бірі — Жартытөбе ауылдық округі, Ынтымақ елді мекеніндегі «Алмас» шаруа қожалығы.

Бүгінгі таңда қожалықтың төрағасы Алмас Алимқожаевтың еншісіндегі жерге қырыққабат дақылы егіліп жатыр.

Диқандар қаңтардың әрбір күнін тиімді пайдаланып, жауын-шашынға қарамастан жұмыс істеуде. Өнім 2 ай көлемінде піседі.

Ерте пісетін өнім түріне сұраныс көп болғандықтан шаруалар осы түсімге ерекше үміт артып отыр.

Биыл ауданда 69700 гектар егістік жер игерілген.

Оның ішінде 30 мың га бидай, 7600 га арпа, 5000 га дәндік жүгері, 500 га бұршақты дақыл, 1809 га майлы дақыл, 1200 га бақша, 4000 га картоп, 10500 га көкөніс және 9000 га мал азықтық дақылдары өсірілген.

Егілген егістік жерден 46826 тн астық пен дәнді дақылдар, 850 тн бұршақты дақылдар, 2020 тн майлы дақылдар, 26675 тн бақша өнімдері, 92000 тн картоп және 310151 тн көкөніс өнімдері алынған.


Жоғары қарай