Ауа райы
Астана 13 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 386.05
EUR 428.25
RUB 5.84
CNY 54.65

Сәтбаев тұрғындарына арналып жаңа үйлер салынуда

2019 жылдың 17 шілде 2019 19:21 244

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпрат - Сәтбаев қаласында жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. «Нұрлы мекен» шағын ауданындағы үш бес қабатты тұрғын үй қыркүйек айында пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тағы екі тұрғын үй жылдың соңына дейін дайын болады. Барлық бес үйдің жалпы ауданы - 14,3 мың шаршы метр. Онда 240 пәтер орналасқан. Қазір үш үйдің төбесі мен қабырғалары салынып жатыр. Қалған екі үйде құрылыс жұмыстары кесте бойынша жүріп жатыр.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Весовая және Крестовка ауылдарынан жаңа үйлерге көшкен тұрғындардың пәтерлеріне барып қайтты. Өңір басшысы салынып жатқан үйлердің сапасына назар аударды. Қоныс тойын тойлаушылар жаңа баспаналарына риза екендерін жеткізді.

«Біз қысты осы үйде тұрдық, баспанамыз жылы болды. Қазір жаз, ыстық. Бірақ, сіздер көріп тұрғандай, пәтерімізде салқын. Бізде ауа салқындатқыштар жоқ, алайда бұл үйлер қыста жылы ал жазда салқын болатындай етіп салынған. Бұл өте жақсы. Оның үстіне пәтерді бізге жөнделген күйінде берді. Біз тек жиһаздарымыз бен заттарымызды алып кірдік», дейді өткен жылы Сәтбаев қаласының Весовая кентінен көшкен зейнеткер Наталья Березкина.

Облыс әкімі сондай-ақ «Нұрлы мекен» шағын ауданының тұрғындарымен кездесті. Олар өңір басшысына балабақша мен музыка мектебінің құрылысы, сондай-ақ аулаларды абаттандыру туралы сұрақтар қойды.

«Балабақша құрылысы - бұл өзекті мәселе, ол айтарлықтай қаржылық шығынды талап етеді, шамамен 800 млн теңгедей. Біз осы мәселені екі жыл ішінде шешеміз. Музыка мектебіне келер болсақ, мен қаладағы өнер мектебін қайта жаңғыртуды ойластыруға тапсырма бердім», - деп жауап берді Ерлан Қошанов.

Ол қысқа мерзімде жаңа шағын ауданның аулаларын абаттандыруды тапсырды. Орындықтар және күнқағары бар үстелдер орнату керектігі де айтылды.

Естеріңізге сала кетейік, Весовая, Крестовское, Рудничное және басқа ауылдардан тұрғындарды көшіру Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүргізілуде. Алғашқы 15 көпқабатты тұрғын үй 2016 жылы тұрғызылды. Ол кезде 805 отбасы пәтер алды. Шағын ауданға магистральды жылу жүйесі салынып, үйлер қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілді, мұнда сондай-ақ жаңа мектеп салынды.





Жоғары қарай