Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 409.98
EUR 462.21
RUB 5.75
CNY 58.43

Саяси қуғын-сүргін халқымыздың жанына жара салды - Дәурен Абаев

2020 жылдың 29 мамыр 2020 12:38

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Репрессия жылдарында Кеңес Одағында өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері зардап шекті. Бұл туралы Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«31 мамырда 100 мыңға жуық саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске аламыз. Қайғылы оқиғаны ұмытпау - біздің азаматтық парызымыз. 1920-1930 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін, ашаршылық ауыр азап болды және адамдыққа жатпайтын әлеуметтік эксперимент нәтижесінде 3 миллионнан астам отандасымыз қаза тауып, жер аударылды.

Бұл оқиға халқымыздың жанына жара салды. Сол үшін Елбасы - Нұрсұлтан Назарбаев егемендігіміздің алғашы жылдарынан саяси-қуғын сүргін құрбандарын есте сақтап, рухына тағзым етуге зор мән берген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы ұстанымды жалғастырып келеді», - деді Дәурен Абаев «Қазақстан: тарихи тағылым саясаты» атты халықаралық online-конференциясында.




Оның айтуынша, 31 мамыр - солақай саясат зардабынан сабақ алуымыз қажеттігін тағы бір еске салатын күн.

«Бұл қолдан жасалған трагедия қазақ халқына орны толмас қасірет алып келді. Тірі қалғандардың жанына жазылмас жара салды. Репрессия жылдары біздің ел әділетсіз жаза қолданатын түзету лагеріне айналды. Сол жылдары жеке тұлғалардың ойлаусыз әрекеттерінен Кеңес Одағында өмір сүріп жатқан барлық этнос зардап шекті. Бірлік, шыдамдылық және даналықтың, бір-бірін қолдай білудің арқасында қатаң сынақтың бәрінен өттік. Бүгінгі таңда бұл қасиеттер ХХІ ғасырдағы біздің ұлттың негізгі жетістігінің негізі болып саналады», - дейді ол.

«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасының мақсаты – жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құндылықтар қағидатында қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту.

Айта кетсек, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық жобасының іс-шаралары тұңғыш рет 2010 жылы ТМД-ға мүше мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастығының мемлекетаралық қорының қолдауымен Астана қаласында және «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешенінде ұйымдастырылды. Іс-шара аясында ҚР Президенті жер аударылған және қуғын-сүргінге ұшырағандардың 12 мемлекеттен келген ұрпақтарын қабылдап, олар жапа шеккен халықты есте сақтау мәселелері талқылаған. Іс-шара барысында ТМД елдері тарихшыларының «Тарихтан – қазіргі заманға» атты бірінші форумы өтті, оған 300-ден астам отандық және шетелдік тарихшылардың ғалымдары қатысты. Форум қорытындысы бойынша тарихи мұраны зерделеудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеу жөніндегі Астана хартиясы қабылданды.






Жоғары қарай