Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сайланған әкім биліктің емес, халықтың өкілі болады

2021 жылдың 14 сәуір 2021 17:28

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл елімізде 4 деңгейдегі 836 әкім халықтың тікелей дауыс беруі арқылы лауазымға ие болады. Әлемдік тәжірибе сайлау арқылы қызметке келген басшы тұрғындардың үніне құлақ асуға мүдделі болатынын көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің қажеттігін айтты. Бұл мәселе Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында да бірнеше рет көтерілген болатын. Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдегі сайлау заңнамасына ондаған өзгерту мен түзету енгізетін заң жобасын Мәжіліске таныстырды. Жоба бойынша аудандық маңыздағы қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін енді жергілікті халықтың өзі тікелей дауыс беру арқылы сайлайтын болады.


Тікелей дауыс берудің артықшылығы қандай?

Қолданыстағы тәртіп бойынша да бұл әкімдер негізінен жанама сайлау арқылы тағайындалып келген. Бірақ дауысты халық емес, жергілікті мәслихат депутаттары береді немесе жергілікті қоғамдастық жиналысы шешеді. Ал үміткерді аудан әкімі ұсынады. Бұл процестің ресмиленіп кеткені сонша, қарапайым азаматтардың санасында әкімді аудан басшысы жеке-дара тағайындайды деген түсінік қалыптасқан. Өйткені, аудан әкімі ұсынған кандидатураны жергілікті активтердің қолдамай қойған кезі некен-саяқ. Қарапайымдап айтсақ, әкімді тікелей халыққа сайлату арқылы аудан басшысынан гөрі жерлестеріне бағынышты ете түсу көзделіп отыр. Бір жағынан әкімді өздері сайлағандықтан, халықтың жергілікті билікке деген сенімі де артады. Бұған дейін әкімдер тұрғындардың алдында жоғарыдан тағайындалған биліктің өкілі ретінде есеп берсе, енді халық сайлаған қызметкер ретінде есеп беретін болады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының ауылдық деңгейде іске асуын да осы реформа қамтамасыз етуі тиіс.


Үміткерді кім ұсынады?

Сонымен, 2021 жылдың екінші жартысында өкілеттік мерзімі аяқталатын 836 ауылдық округ әкімі сайлауға түскелі отыр. Бұл халық пен ауыл әкімдері үшін ғана емес, сайлау науқанын ұйымдастырушылар үшін де жаңа тәжірибе болмақ.

Қазіргі жүйеде ауыл мен кент деңгейіндегі әкімнің кандидатурасын аудан әкімдігі ұсынатындықтан, оның халықтан бұрын өзін ұсынған басшының қабағына көп қарайтыны белгілі. Жаңа тәртіп бойынша үміткерді саяси партиялар ұсынатын болады. Егер үміткер саяси партияда жоқ болса, өз-өзін ұсына алады. Ол үшін үміткер тиісті ауылдық округте тұратын сайлаушылардың кемінде 1%-ының қолын жинауы керек.

Қандай да бір себеппен сайлауға түсетін үміткер біреу ғана болса, ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың әкімі сайлаудың баламалы негізде өтуін қамтамасыз етуге міндетті. Ауылдық округ әкімдері осындай жүйемен әрбір 4 жыл сайын сайланып отырады.


Дауысты кім санайды?

Ауылдық округ әкімінің сайлауы тағайындалған кейін үміткерлерді тіркеу жүргізіледі. Тіркеуден сәтті өткен кандидат ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді. Сайлауға көлденең көк аттылардың енбеуі үшін кандидаттың біліктілік талаптарына қаншалықты сай екені тексеріледі. Бұл істі аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы атқарады. Аталмыш комиссия кандидаттардың декларациясын тексеріп, үгіт науқанын жүргізуге, сайлау өткізіп, дауыс санауға, сайлау жарамсыз деп танылса және екі кандидат тең дауыс санын жинаған болса, ауылдық округ әкімдерінің қайта сайлауын өткізуге міндетті.

Ауылдық округ әкімдерін сайлау қорытындылары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Осыдан кейін барып ең көп дауыс жинаған үміткер ауылдық округ әкімі ретінде тіркеледі.

Тізгінді тең ұстау үшін ауданның және облыстық маңызы бар қаланың мәслихаттарына әкімге сенімсіздік білдіру өкілеті берілетін болады. Демек, ауылдық округ әкімі тек сайланып қана қоймай, оны сайлаған қауымдастық алдында бақылауда болады.

Қазір осы норманың бәрі қамтылған заң жобалары Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.


Жоғары қарай