Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сайлау құқығын жетілдіру азаматтардың саяси құқығын қамтамасыз ете түседі - Әліпаша Қараев

2021 жылдың 29 маусым 2021 20:02

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Каспий университетінің ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты конституциялық, әкімшілік заңнама және мемлекеттік басқару бөлімінің бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Әліпаша Қараев «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берген еді.

Әңгіме барысында ғалым Парламентке саяси партиялардың өту шегін төмендету жөніндегі заңнаманың маңызын және сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» бағанының енгізілуі туралы пікірін білдірді.

Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен және Парламенттің қолдауымен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сайлау процесінің кейбір мәселелеріне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Атап айтқанда, жаңа заң нормасына сәйкес, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған енгізіледі. Бұдан бөлек, Парламент сайлауына түсетін саяси партиялар үшін шекті мөлшер 7%-дан 5% - ға дейін төмендетілді.

- Әліпаша Ағаханұлы, осы нормаларды енгізудегі мақсат не еді?

Биылғы жылдың мамыр айында Қазақстан Парламенті «Сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған өзгертулер мен түзетулерді қабылдады. Бұл менің ойымша азаматтардың сайлау мәдениетін көтеруді қамтамасыз етеді.

Осы Заңның негізгі жаңалықтарының бірі саяси партиялар үшін Парламентке өту шегінің төмендеуі, сондай-ақ сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» бағанын қосу болды.

Ең алдымен, бұл нормалар Конституцияның «әркімнің сайлау және сайлану құқығы» туралы нормаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстандағы партия құрылысын дамытуға бағытталғанын атап өткен жөн.

Сайлау - демократиялық дәстүрлерді қалыптастырудың маңызды арнасы болып табылатын тікелей демократия институты екені белгілі. Ашық, әділ және бәсекелі сайлау азаматтарға биліктің сайланбалы институттарын құруға тікелей қатысуға, ал саяси партияларға қоғамның мүдделерін білдіруге және қорғауға мүмкіндік береді. Сондықтан да, бұндай нормалардың көрініс табуы қай жағынан алсаңыз да маңызды.

Сонымен қатар, құжат қолданыстағы заңнамадағы олқылықтар мен кемшіліктерді жою, шетелдік тәжірибені пайдалану, сондай-ақ қоғамның саяси және сайлау мәдениетін көтеру мақсатын көздейді.

- Дегенмен, Сіздің ойыңызша, «бәріне қарсымын» бағанының маңызы неде? Осыны түсіндіріп кетсеңіз...

- «Бәріне қарсымын» бағанына келетін болсақ, бұл наразылық білдірушілерге партиялардың ұсынылған тізімімен келіспейтін немесе дәстүрлі түрде дауыс беру процестерін елемейтін, мотивация мен баламалылықтың болмауына байланысты бұқараның бір тобының өздерін көрсетуге мүмкіндік беретін қадам. Заң нормасы елдегі саяси өмірді ынталандырады деп ойлаймын, екінші жағынан сайлаушылардың сайлау үдерісіне қатысу белсенділігін де арттырады. Сонымен бірге, мұндай тәсілдің кемшіл тұстары да жоқ емес. Яғни, егер қоғамның сайлау мәдениеті төмен жағдайда болса, «бәріне қарсымын» бағаны демократиялық қоғамның негізгі институттары ретінде сайланған биліктің беделін түсіруі де әбден мүмкін.

Сонымен қатар, осы тұста тағы бір сұрақ туындайды: егер «бәріне қарсымын» деп дауыс бергендердің саны сайлауға қатысушылардың 50% - нан асып кетсе ше? Мұндай сайлауды заңды деп санауға бола ма? Және сайлаушылар дауыс берген партиялар немесе кандидаттар қайтадан сайлауға құқылы ма?

Бұл мәселелер де алдағы уақытта нақты шешуді қажет етеді деген ойдамын.

- Сіздің ойыңызша, кедергі шегін төмендетудің жағымды жақтары қандай және бұл мәселе қазір әлемде қалай шешімін тауып жатыр?

- Қазақстанда, өздеріңіз білетіндей, 7%-дық, айтарлықтай жоғары шек болған. Бір жағынан, ол өкілді органның жұмысындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған, екінші жағынан, әлсіз саяси партиялардың конституциялық мүмкіндіктерін едәуір шектеп, бір партиялық саяси режимді қалыптастыруға қолайлы жағдай жасады.

Басты мақсаты кез келген партияның пропорционалды түрде сайлаушылардың дауыстарын ала отырып, Парламентке келу мүмкіндігінің болуын қамтамасыз ететін жоғары шек пропорционалды сайлау жүйесіне де қайшы келді. Биліктің заң шығарушы тармағының өкілдік сипатын көп ұлтты халықтың мүддесін білдіруші, егемендіктің иесі және биліктің жалғыз қайнар көзі ретінде баянды ететін Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабымен де біршама қарама-қайшылық пайда болды.

Осыған байланысты, шекті төмендету, 5 пайыздық кедергіні еңсеруде өз мүмкіндіктерін арттыру мақсатында ұқсас саяси көзқарастары мен платформасы бар партияларға бірігуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, аталған заң нормасы Мәжіліс пен мәслихаттарда көптеген партиялардың өкілдігін қамтамасыз етеді деп ойлаймын. Бұдан бөлек, бұл қадам фракциялық күресті жандандырады және қабылданатын шешімдердің әлеуметтік үміттерге сәйкес келетін сапасын арттырады деп үміттенемін.

Осылайша, сайлау заңына саяси партиялар үшін өту шегін төмендету бөлігіндегі түзетулер, сондай-ақ «бәріне қарсымын» бағанын енгізу сөзсіз оң екенін және Қазақстан Республикасындағы сайлау институтын одан әрі демократияландыруға бағытталғанын атап өту қажет.

Сұхбатыңызға рахмет !

Алпамыс Исраил
Басты сөздер: Парламент, Сайлау,
Жоғары қарай