Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сайлау учаскелерінің 83,6 пайызында пандус бар

2020 жылдың 29 қазан 2020 20:12

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев сайлау барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жағдай жасалауы қажеттігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң бойынша учаскелік сайлау комиссиясы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдауы тиіс, бұл ретте жергілікті атқарушы органдар сайлау комиссияларына осы бағыттағы жұмысқа жәрдемдесуге міндетті. Сондай-ақ, дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлаушылардың кедергісіз қол жеткізуі және ондағы дауыс беруі үшін жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс», - деді Е. Дауылбаев Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Атап айтқанда, сайлау учаскесінде тактильді көрсеткіштер, мониторы бар компьютерлер, сондай-ақ зағиптар, нашар көретіндер және нашар еститіндер үшін арнайы құлаққаптар, үстелі бар жасырын дауыс беруге арналған кабина және т. б. құралдар болу керек.

«Алдағы сайлау науқанына дайындық аясында маусым айында 10 048 сайлау учаскесіне түгендеу жүргізілді. Нәтижесінде сайлау учаскелерінің 95,6% (9606) бірінші қабатта орналасады. Сайлау учаскелерінің 83,6%-ында (8113) ғимарат кіреберісінде пандустар бар, 72%-ында (6889) ғимаратқа кіреберісте тұтқалар бар. Ал тек 37%-ында (3597) ғимаратқа кіреберісте тактильді көрсеткіштер орнатылған. 372 сайлау учаскесінде немесе 4%-да арбамен жүретін мүгедектер үшін арнайы лифттер бар», - деді Е. Дауылбаев.

Айта кетейік, ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылы 10 қаңтарда өтетін ҚР Парламенті және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

2018 жылы ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі нормалар алғаш бекітілген.


Жоғары қарай