Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы 3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сайлауда мүгедектердің дауыс беруіне жағдай жасалады – ОСК

2020 жылдың 29 қазан 2020 19:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2021 жылы 10 қаңтарда өтетін ҚР Парламенті және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың айтуынша, 2018 жылы ҚР «Сайлау туралы» Конституциялық заңында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі нормалар алғаш бекітілген.

Бұл жаңа енгізілім 2015 жылғы 20 ақпанда Қазақстан ратификациялаған БҰҰ мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын іске асыру мақсатында әзірленді және Адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық құжаттарға сәйкес келтіруге бағытталған.

«Енді конституциялық заңда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау учаскелеріне кедергісіз қол жеткізу мен онда дауыс беруді қаматмасыз ету бойынша нормалар көзделген. Орталық сайлау комиссиясы заңнамадағы өзгерістерді іске асыру үшін нормативтік құжаттар қабылдады. Бұл жаңа енгізілімде қоғамдық бірлестіктер, азаматтық қоғам және үкіметтік емес ұйымдар сектор өкілдерінің оң пікіріне ие болғанын атап өткім келеді. 2017 жылы ОСК жанынан мүгелдектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды көбірек хабардар ету мақсатында алдағы сайлау жөнінде ақпараттық-түсіндіру роликтері суроаудармасымен бірге дайындалуда. Бұл практика 2019 жылғы Президент сайлауында да болған», - деді Берік Имашев Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Отырыс соңында Орталық сайлау комиссиясы жергілікті атқарушы органдарға қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуді ұсынды. Автокөлікке арналған тұрақтар, таяныштар, пандустар, төсемдер, лифтілер, тактильді көрсеткіштер, жасырын дауыс беруге арналған арнайы құралдар болуы қажет.

Құлағының мүкісі бар сайлаушылар үшін жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің көмегімен сурдоаудармашылар, тифлосурдо-аудармашылар тартылуы мүмкін.

Жергілікті атқарушы органдар сайлау науқандары кезеңінде мәтіндік файлдарды дыбыстық немесе тактильді сигналдарға айналдыратын экрандық қол жеткізудің компьютерлік бағдарламалары орнатылған арнайы жабдығы (тифлотехникалық құралдар) бар зағиптар, түзету мектептері, мүгедектердің қоғамдық ұйымдары үшін кітапханалардың техникалық мүмкіндіктерін пайдалану бойынша сайлау комиссияларына жәрдем көрсетуі қажет.

Орталық сайлау комиссиясы мен қоғамдық ұйымдар арасында: «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақ саңыраулар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған.


Жоғары қарай