Ауа райы
Астана -10 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сайлаушылар тізіміндегі сәйкессіздіктер ретке келтіріледі - ОСК

2020 жылдың 27 қазан 2020 17:02

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комиссиясы сайлауға 20 күн қалған уақытқа дейін сайлаушылар тізіміндегі сәйкессіздіктерді ретке келтіреді. Бұл туралы бүгін аталған комиссияның мүшесі Ерлан Дауылбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтардың бірі көшеді, енді біреуі тіркеуден шықса, келесісі тіркеліп жатады. Сондықтан жеке тұлғалардың дерек базасы бойынша онлайн жұмыс жүргізіліп жатыр. Сағат сайын өзгерістер енгізіліп отырады. Сол себепті қазірден бастап сайлаушылар тізімдеріне мұқият қарап, мәліметтерді тексеріп отырмыз. Сайлауға 20 күн қалған кезде жергілікті атқарушы органдар сайлаушылардың тізімін тапсырады. Сол уақытқа дейін олар тізімді сәйкестендіріп, нақтылауы тиіс. Бірақ, бұл тек мемлекеттік органдардың ғана жұмысы емес. Бұл - сайлаушының да міндеті. Сайлаушы call-орталыққа немесе жергілікті атқарушы органға өтінішпен жүгініп, тізімде бар-жоғын, мәліметтерінің дұрыстығын тексеруге құқылы. Сол себепті қазіргі таңда айырмашылықтар болғанымен уақытында орнына келеді», - деді Ерлан Дауылбаев ОСК алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, дауыс беруге 5 күн қалғанда Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың мәліметтерінің бәрін қайтадан тексеріп шығады.

Айта кетейік, бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров сайлаушылар тізіміне кіргізілген азаматтардың саны 11 820 318 адам болғанын айтты.

Ал ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың мәліметінше, елімізде 18 жасқа толған 11 733 944 азамат тұрғылықты жерінде тіркелген.



Жоғары қарай