Ауа райы
Астана 2 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 435.54
EUR 473.08
RUB 5.76
CNY 61.64

Сайрамда 17 мың адам үй салу үшін жер алуға өтініш берген

2020 жылдың 28 қаңтар 2020 19:15

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков халыққа есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, Nur Otan партиясы Сайрам аудандық филиалының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат хатшысы, ардагерлер, зиялы қауым және БАҚ өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков жер беру мәселесі тек қарасулықтардың емес, бүгінгі таңда Сайрам ауданы бойынша өзекті мәселеге айналғанын атап өтті.

«Қазір аудан бойынша тұрғын үй салу үшін жер алуға 17 мыңнан астам азамат өтініш білдірген. Алайда, бұл мақсатта үлестіре салуға жер телімі болмай тұр. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін үй салуға таратып берсек, шаруасыз халық қалай күн көреді? Сондықтан, бұл мәселені қазір тереңірек зерделеп, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің назарына ұсынамыз. «Арба сынбайтын, өгіз өлмейтін» амалын табуымыз керек. Ал нақты жауапты содан кейін ғана айта аламын», – деді Ұласбек Сәдібеков.

Аудан басшысының сөзінше, қазіргі таңда ауданда 1861 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оларды баспанамен қамту мақсатында Қарасу ауылында 300 пәтерлік 5 дана көпқабатты тұрғын үй құрылысының жобасы дайындалып, республикалық бюджетке ұсынылған. Қажетті 2,6 млрд теңге қаржы мәселесі шешілген жағдайда, кезекте тұрған 300 азаматтың тұрғын үй мәселесі шешіледі.

Жиында бұдан бөлек ауыл шетіндегі карьердің көптігінен ағын су арнасынан төмендеп кеткенін айтып шағымданды. Тұрғындар ауыл іргесін жарқабаққа айналдырған кәсіпке шектеу қоюды сұрады. Ақбай-Қарасу каналының үстіне салынған үйдің мәселесі заңмен қаралуы мүмкін.

Жоғары қарай