Ауа райы
Астана -17 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сайрамдық кәсіпкерлердің өнімдеріне шетелдіктер де қызығушылық танытуда

2020 жылдың 27 қараша 2020 02:40

САЙРАМ.ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Сайрам ауданындағы кәсіпорындардың өнімдеріне шетелдіктер де қызығушылық танытуда. Біріккен Араб Әмірліктерінің кәсіпкерлері аталған ауданда шығарылған қауын-қарбыз шырыны мен тұздығына, оның қабықтарынан жасалған тәттілерге тапсырыс берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауданға іссапармен барған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тиісті сала басшыларына бақша дақылдарын өңдеу бойынша арнайы жоба әзірлеп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырды. Аймақ басшысы сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесіне де қатысты. Онда жергілікті диқандар мен жеміс-жидек, көкөніс және бақша дақылдарын өңдеумен айналысатын кәсіпорын өкілдері түрлі өнімдерін ұсынған.

Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы өнімдеріне аса бай өңірде әсіресе оларды өңдеу ісін дамыту қажеттігін атап өтті. Мәселен, «Южанка» ЖШС осыдан екі жыл бұрын тоқтап қалған зауыт ісін қайта жандандырып, көкөніс пен бақша дақылдарының 20-дан астам консервіленген өнімдерін шығара бастаған. Зауыт қожайындары үкімет тарапынан қолдау тауып, 11 млн теңге көлемінде субсидияға жаңа құрал-жабдықтар сатып алған. Қауын - қарбыз тәттілерін шығаратын кәсіпкерлер таяуда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына өнімдерін жолдаған. Отандық өнім өндірушілер алдағы уақытта әлемдік нарықты бағындыруды көздейді.




Айта кетейік, ағымдағы жылы ауданда ауыл шаруашылығы дақылдары 52 мың га жерге егілген. Жалпы өнім көлемі 73,5 млрд.тг –ге жетіп, көрсеткіш 103,3 % құраған. Негізгі капиталға 5,1 млрд теңгеге тартылған.





Жоғары қарай