Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сайрамдық тұрғын үйінің шатырын музейге айналдырды

2021 жылдың 27 қараша 2021 15:30

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны Сухраб Ирназаров үйінің шатырын музейге айналдырды. Музейге 1950 жылдан бері қолданыста болған телефондар мен магнитафондардың және теледидарлар мен фотоапараттардың жүздеген түрлері қойылған.

Сухраб Әбдінәбиұлының бұл іске деген қызығушылығы 2014 жылдан басталыпты. Көлік қоятын гаражды тазаламақ болған ол керек емес заттарын шатырға шығарып тастаған. Кейін сұрыптап, қажеттілерін жинақтау барысында коллекцияға деген қызығушылығы артқан. Содан үйінің шатырына арнайы сөрелер жасап, жинаған бұйымдарын сонда іліпті.







Бүгінде Сухрабтың музейінде 250-ден астам фотоапарат, 700-ден астам аудио кассета, 40 келі тиын және теледидарлар мен сағаттардың, магнитафондардың түр-түрі бар. Әлемде санаулы ғана таралыммен шығарылған сирек кездесетін техникаларды да Сухрабтың үйінен табуға болады. Коллекционер көне заттарды барлығын ауылдағы «барахолка» аталып кеткен базардан немесе жарнама парақшалары арқылы шет аймақтардан сатып алады.


Мәселен, шахталарда тұратын шойын телефонды Павлодардан алып келген. Соғыс жылдары әскерилер қолданған бұрамалы сымсыз телефондарды жарнама арқылы алдырған. Ұлы Жеңіс жылдарында жеңімпаздарға тапсырылмай қалған 80 орден медальдың барлығын бір адамнан сатып алыпты. Күн көсем Лениннің ескерткішін сатушылар 500 теңгеге бағалап, беріп кеткен. Ал, Арабиядан келген лампаларды да қымбат емес бағаға сатып алған. 1989 пластинкаға жазылған құран аяттарын жерлесі, Сайрамдық азаматтан тапқан.










«Көпшілік мені бұл заттарды қымбатқа алады деп ойлайды. Тіпті «50 000, 60 000, 100 000 теңге тұрады ғой, ақшаны қайдан алдың?» деп сұрайтын достарымда бар. Бірақ мен көбінісе қолдан аламын. Мәселен, 1970-80 жылдары тек студияда тұрған фотоапартты осы Сайрамнан таптым. 1970 жылғы магнитафонды 1500-2000 теңгеге сатып алдым. Фотоапарттардың кейбірін тегін, кейбірін 500-1000 теңгеге алғанмын. Ватсап желісіндегі коллекционерлердің топтарына қосылдым. Көп заттарды сонда тапсырыс беру арқылы алып отырамын» – дейді ол.







Тағы бір айта кетерлігі, техникалардың тілін жақсы білетін Сухраб жинақтаған заттарының ақауларын түзетіп қойған. Сондықтан мұндағы техникалардың басым бөлігі жұмыс істеп тұр. «Миния», «рекорд», «сируис» магнитафондарына 1970-80 жылғы әндер жазылған пластинкалар мен кассеталар салып қойған. Токқа қоссаңыз бірден әуендерді шырқай жөнеледі. Фотоапараттарға да пленка салсаңыз суретке түсіре бересіз. Ал, теледидарларды да пайдалануға болады. Шойын үтіктердің ішіне шоқ салып, киім үтіктеуге мүмкіндік бар. Кинопроекторлармен де кино көріп, кеңес үкіметіне саяхат жасай аласыз. Көпшілігінің құжатыда сақтаулы тұр.




«Мендегі кейбір магнитафондар аз көлемде өндіріске шыққан. Сондықтан сатып алғысы келетіндер көп. Бірақ мен құнды дүниелерді сатқым келмейді. Тек қосымша дубликаты бар заттарды ғана сатамын немесе басқа затқа ауыстырамын» – дейді Сухраб.







Коллекционер бос уақытында сағат механизмдерінен трансформер көліктерін құрастырады. Ағаштан түрлі бейнелер жасауды жақсы көреді. Ковидке қарсы композиция жасап, музейінің сөресіне іліп қойған. Сондай-ақ, полиция шеніндегі жұлдызшалардан қызмет жолын бейнелеген туынды жасаған.




«1981 жылғы інімнің туған күніне ерекші сыйлық жасамақшы болдым. Содан 1981 жылы шыққан тиындардан, оның туған жылын жазып беремін деп шештім. Тиындар іздеп, 2,5 келі тиынды сатып алдым. Ішінен 1981 жылы шыққан тиындар табылды. Ініме де сыйлық қатты ұнады» – дейді ол.




Мұнан бөлек коллекционер УЕФА футбол командалары мен ІІМ төсбелгілерін жинақтаған. Сондай-ақ, пошта маркалары мен тиындардың да түрлері көп. Кілттердің де 2,3 келісі бар.




«Жалпы Қазақстандық төсбелгілер қымбатқа бағаланады. Мәселен, Абайдың бейнесіндегі төсбелгілердің 2-3 түрін таптым. Шоқанның бейнесіндегі бір-ақ төсбелгі бар еді, танысым қоярда қоймай сұрап алып кетті. Шымкент қаласына қатысты төсбелгілер де мүлдем аз. Сондықтан болар, нарықтағы бағасы да жоғары» – дейді ол.







Бүгінгі күні Сухраб Ирназаров Сайрам аудандық полиция бөліміндегі штабта аға инспектор. Бес қыздың әкесі. Жұбайы ауылдық мектепте мұғалім.

«Ауылдағы көпшілік біздің үйде музейдің бар екенін білмейді. Ал, үйге келген достарым мен туыстарыма шатырдағы заттарды көрсеткенде, таң қалысып, бірден телефондарына суретке түсіре бастайды. Ата-анам да қарсы емес. Телефон шұқалап көз майымды тауысқанша пайдала іспен айналысып жатқаныма қуанады» – дейді ол.























































Жоғары қарай