Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Семей полигоны жабылуына 30 жыл: БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі  дөңгелек үстел өткізді

2021 жылдың 9 қыркүйек 2021 14:47

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - БҰҰ Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісінің кеңсесі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі «Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл: жаһандық дамуға, бейбітшілік пен қауіпсіздікке әсер» тақырыбындағы дөңгелек үстелді ұйымдастырды.

Іс-шараға Қазақстанның саяси және қоғам қайраткерлері, Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сынақ полигоны жабылуының мерейтойымен қатар, іс-шара Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа (ОАЯҚААШ) қол қойылуының 15 жылдығына арналды.

БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори өзінің сөзінде Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы маңызды рөлін атап өтіп, Семей полигонының жабылуы жаһандық антиядролық қозғалыстың дамуының маңызды кезеңі және Қазақстан ядролық қаруды таратпауда көпшілікке үлгі болғанын атап өтті.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық қауіпсіздік департаментінің директоры Қайрат Саржанов тәуелсіздіктің таңында Семей полигоны жабылуының үлкен саяси маңыздылығын атап өтті және еліміздің аймақтық және жаһандық ауқымда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бастамаларына тоқталып өтті.

«БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу Қазақстан үшін басты басымдық болып қала берді және ядролық қаруды жою жолындағы жаһандық қозғалыстың алдыңғы шебінде болуға моральдық құқық бере отырып, қазақ халқының жалпыұлттық біртектігінің ажырамас бөлігіне айналды», - деп атап өтті дипломат.

Сонымен қатар, ол Семей шартына қол қойылған күні Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың (ОАЯҚААШ) қатысушы мемлекеттер Сыртқы істер министрлері ОАЯҚААШ туралы шартқа қол қойылуының 15 жылдығына орай бірлескен мәлімдемені қабылдағанын хабардар етті. Онда олар ядролық қарудан азат бейбіт және қауіпсіз әлемге адалдығын растап, ядролық қарусыз аймақтармен әріптестікті кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

Бұрынғы Сыртқы істер министрі Ақмарал Арыстанбекова өз сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигонын жапқан Қазақстанның тарихи үлесі, кейін ЯҚТШ-ға ядролық емес мемлекет ретінде қосылуы және ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы туралы айтып, Қазақстанның БҰҰ -дағы тұңғыш Тұрақты өкілі ретінде ол жылдар бойы әлем қауымдастығының жаңа тәуелсіз мемлекетімізге көрсетілген лайықты құрмет пен сеніміне куәгер болғанын мәлімделі.

Мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Олжас Сүлейменовтің әлемдегі бірінші ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қозғалысының құрылу тарихы туралы сөздері жиынға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстан тарихының қайғылы кезеңдері ядролық қару мен оны сынаудың салдары күллі адамзаттың гүлденген және қауіпсіз болашағына сәйкес келмейтінін анық көрсетеді.




Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбай Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Форум жаһандық ядролық қарусыздануға және өзінің жауапкершілігі аймағындағы қауіпсіздікті нығайтуға үлкен мән беретінін атап өтті.

2002 жылғы Алматы Актінде Кеңеске қатысушы мемлекеттердің көшбасшылары қарусыздану мен қаруды бақылау, жаппай қырып-жоятын қаруды жоюға қатысты барлық халықаралық келісімдердің әмбебаптығы және таратпауды ынталандыру аймақ мемлекеттері арасында сенімділікті нығайту үшін маңызды екенін мойындады.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдында өзінің саяси жауапкершілігін және жетекші ядролық державалармен өзара сенімге негізделген серіктестік үлгісін көрсеткенін атап өтті.

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд пен Ядролық қарудың халықаралық науқанының Атқарушы директоры Беатрис Фин (кез келген ядролық қарудың қолданылуының апатты салдары туралы хабардар ету жөніндегі жұмысы үшін және мұндай қаруға заң жүзінде тыйым салуға ұмтылғаны үшін Нобель Бейбітшілік сыйлығын алған ұйым) қатысушыларға бейнехабарлама жеткізді.

Дөңгелек үстел аясында қатысушыларға Қазақстан тарихының жүдеңкі парақтары - Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардаптарына арналған тақырыптық бейнеролик көрсетілді.


Жоғары қарай