Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Семей полигонындағы сынақ алаңын көп жылдық зерттеу биыл аяқталады

2021 жылдың 28 тамыз 2021 14:15

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Семей полигонындағы «Тәжірибе алаңында» 2008 жылдан бері кешенді экологиялық тексеру жүргізіліп келді. Биыл осы зерттеуді толық аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Энергетика министрлі ҚР Энергетика министріНұрлан Ноғаевқа сілтеме жасап.

Министрліктің Instagram -дағы парақшасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей сынақ полигонында болған архив суреті және Нұрлан Ноғаевтың «Қазақстан ядролық қарудан азат әлем үшін» мақаласы жарияланды.

«Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасының атом саласында мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосқан маңызды мәселелер шешілді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Нәтижесінде Совет одағы аумағындағы бірінші және ең ірі сынақ полигоны қызметінің жұмыс істеуі аяқталды.
Бұл Елбасының халық мүддесі үшін қабылдаған батыл шешімі Қазақстанның қарусыздану, ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздік саласындағы өзінің жаһандық көшбасшылығын нығайтуға көмектесті», деп жазды Нұрлан Ноғаев.
Оның айтуынша, тарихи тұрғыдан алғанда, алғашқы атом бомбасы полигон аумағында 1949 жылы «Тәжірибе алаңында» сыналған.

Полигон аумағында 42 жыл бойы ядролық қарудың барлық түрлерінің жалпы алғанда 456 сынағы жүргізілді, бұл көптеген аумақтарға радиацияның таралуына әкелді. Полигонның жабылғанына қарамастан, оның аумағында ядролық сынақтар жүргізу үшін инфрақұрылым қалды.

«Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан халықаралық қоғамдастықпен бірлесе отырып, ядролық қаруды сынаудың инфрақұрылымын және салдарын жою бойынша жұмыс жүргізді, полигонның бұрынғы әскери-өнеркәсіптік кешенін бейбіт мақсаттарға конверсиялауды жүзеге асырды.
Өткен жылы жойғыш атмосфералық ядролық сынақтар өткізілген алаң – Семей полигонындағы «Тәжірибе алаңын» қауіпсіз жағдайға келтіру бойынша ең ауқымды және бірегей жобалардың бірі аяқталды», - деді Нұрлан Ноғаев.
Бұрынғы полигонның аумағы 18 300 шаршы шақырым.
«Бұрынғы полигон жерлерінің радиоэкологиялық жай-күйін анықтау мақсатында, сондай-ақ оның ластанбаған бөлігін тиімді пайдалану үшін 2008 жылдан бері осы аумақта кешенді экологиялық тексеру жүргізіледі. Бмыл осы зерттеуді толық аяқтау жоспарланып отыр.
Зерттеу нәтижелері бойынша шектеуге жататын нормативтен тыс ластанған жерлер және шаруашылық айналымға беруге жарамды шартты таза жерлер айқындалатын болады», - деді Нұрлан Ноғаев.

Министрдің айтуынша, Семей сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына орай, министрлік «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасын әзірлеген. Оның ережелерінде полигонның ластанған учаскелерінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және полигонның жарамды жерлерін шаруашылық айналымға беру үшін жағдайлар жасау көзделген.
«Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл – бұл әлемдік қоғамдастықтың назарын ядролық қарудың таралу мәселесіне аударып, әлемді қалай қауіпсіз етудегі және «ұлттық трагедиядан – ядролық қарудан азат әлемге жету жолындағы ұлттық жетістікке жету» жолын өтудегі Қазақстанның үлгісін көрсетудің тағы бір мүмкіндігі», - деді ол.


Жоғары қарай