Ауа райы
Астана 15 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Семейде коронавирус жұқтырғандардың саны өсуде

2020 жылдың 14 маусым 2020 22:21

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қалалық жедел штаб мүшесі, медициналық мәселелер жөніндегі үйлестіруші Найля Әлменева мәлімдеді.

«Өткен тәулікте облыста коронавирустың 18 жаңа жағдайы тіркелді, олардың 9-ы Семейде анықталды. Жұқтырғандардың ішінде 8 ересек және 4 жасар бір бала бар. Нақтылай кетсек, солардың екеуі полиция қызметкері, 2-і медбике, 3-і жеке және мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері, біреуі жұмыссыз. Аталған 9 жағдай бойынша 16 инфекция ошағы белгіленіп, байланыста болған 100-ге жуық тұрғындар анықталды», - дейді ол.

Вирус жұқтырғандардың жартысы тұрақты түрде қоғамдық көлікке отырып, жиі сауда орындары мен супермаркеттерге барып жүрген.

Қалалық жедел штабтың мәліметі бойынша бүгінгі таңда Семей қаласында коронавирус инфекциясына шалдығудың 164 жағдайы тіркелген. Блокбекеттер алынғаннан бастап жұқтырғандардың саны күн сайын орта есеппен 8 жағдайға артып келеді. Тіркелген 100 ошақта бір жарым мың коронавирус жұқтырған адамдармен байланыста болғандар бақылауға алынған. Қосымша симптомсыз ретінде 105 жұқтырған адам тіркелді. Қазіргі уақытта алты адам ауыр халде және екеуі реанимация палатасында жатыр.

Өкінішке қарай, короновируспен қатар қосалқы ауруы анықталған 4 адам қайтыс болды.

«Құрметті жерлестер, әлемдік ғылым бұл вирусқа қарсы вакцинаны әлі таппады. Әзірге ең тиімді қорғаныс - қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау. Әлеуметтік қашықтық, жеке гигиена, және бетперде кию секілді сақтық шаралары аурудың алдын алуға септігін тигізеді. Жедел штаб тарапынан індетті алдын алу үшін тиісті жұмыстар жүргізілгенімен жеке бас қауіпсіздігі әрқайсымыздың жауапкершілігіміз екендігін ұмытпағанымыз жөн. Қаламызда короновирустың таралуын тоқтату мақсатында, барлық семейліктерді бекітілген ережелерді сақтауға шақырамын!», – дейді Найля Әлменева.

Жоғары қарай