Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Семейде тарихи ғимаратты бұзбақ болған кәсіпкермен келіссөз жүргізілді

2021 жылдың 11 маусым 2021 22:56

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семей қаласында жеке кәсіпкерге тарихи ғимаратты бұзуға жол берілмеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімі Даниал Ахметовке Семей жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет қызметкерлері тарапынан Найманбаев көшесі бойында орналасқан 1844 жылы салынған көпес үйінің ғимаратын бұзғызбай сақтап қалу жөнінде бірнеше хат түскен.

- Осыдан оннан астам жыл бұрын ғимаратты жеке кәсіпкер алып, оның жанына сауда үйін салған. Қазір ол бұл жерде тұрғын үй салу үшін бұрынғы мұражайды бұзбақ ойы бар. Сол үшін Семейге жұмыс сапарым барысында ескі ғимараттың иесімен кездестім. Облыстық мәдениет басқармасы аталған сәулет ескерткішінің тарихи құндылығы туралы барлық қажетті құжаттарды дайындады. Сонымен қатар біз 177 жылдық тарихы бар саудагер үйінің бастапқы келбетін қалпына келтіру үшін ақша бөлеміз, - деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, болашақта мұнда мұражай филиалдарының бірін орналастыруға немесе жылжымалы көрмелер ұйымдастыруға болады.

- Осылайша, Семейдің әр тұрғыны мен қонағы қаланың тарихына үңіле алады. Әрине, сәулет ескерткіші иесінің бұл жерге көппәтерлі тұрғын үй салғысы келетіні құптарлық жағдай. Дегенмен, шаһар әкімдігі жуық арада кәсіпкерге қаланың шағын аудандарының бірінен жер телімін ұсынатын болады, - деді Даниал Ахметов.


Жоғары қарай