Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сенат Армениямен электр энергетикасында тиімді ынтымақтастыққа арналған құжатты қабылдады

2021 жылдың 9 қыркүйек 2021 11:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения Республикасының қосылуына байланысты оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында, оның ішінде Армения Республикасымен электр энергетикасы саласында тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған.

«Армения 2014 жылғы 10 қазанда қол қойылған Армения Республикасының қосылуы туралы шарт аясында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қосылды. Оны барлық мүше мемлекеттер ратификациялады және 2015 жылғы 2 қаңтарда Армения ЕАЭО-ның толық құқылы мүшесі болды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағы бойынша Армения тарапынан электр энергиясын мемлекетаралық беру, өзара қарым-қатынастарын реттеу аясында хаттама әзірленді. Оның мақсаты – Арменияның шартқа қосылуына байланысты ЕАЭО елдері арасында электр энергиясын мемлекетаралық беруді жүзеге асыру әдіснамасын айқындау», - деді ҚР Энергетика вице-министрі Қайрат Рахымов.

Хаттама жобасы 2017 жылғы наурызда Еуразиялық экономикалық одақ кеңесінің үкімімен мақұлданды.

Құжатты ратификациялау баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету туралы хаттамаға Арменияның қосылуын ескере отырып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің энергия желілерінің тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

«Қазіргі кезде хаттама Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей елдері тарапынан ратификацияланды. Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және өзге де салдарға әкеп соқтырмайды. Мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді», - деді вице-министр.


Жоғары қарай