Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 437.20
EUR 475.32
RUB 5.79
CNY 61.94

Сенатор ауыл шаруашылығында субсидиялау ережелерінің жиі өзгеруін сынады

2020 жылдың 28 ақпан 2020 12:03

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығында субсидиялау ережелерінің жиі өзгеруі саланың дамуына кері әсерін тигізуде. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сараптамалық бағалау бойынша, басты проблема – мемлекеттік реттеудің жетілмегендігінде. Өздеріңізге мәлім, тәуелсіздік жылдарында агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған тоғыз бағдарламалық құжат қабылданды. Алайда, олар саладағы жағдайдың түбегейлі өзгеруіне ықпал ете алмады. Аграрлық сектордағы өнімдердің 80 пайызға жуығы шикізат түрінде сатылады, бірқатар өнімдердің импортқа тәуелділігі жоғары. Дайын тағамдық өнімдер негізінен шеттен әкелінеді, ал басты экспорттық тауарымыз - астық дақылдары жалпы экспорт көлемінің 42 пайызын құрайды. Мемлекеттік реттеудің жүйесіздігі, субсидиялау ережелерінің жиі өзгеруі саланың дамуына кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты, мемлекеттік қолдау шарттарын инвестициялық жобалардың аяқталуына дейін сақтау нормаларын заңды түрде бекіту ұсынылуда. Бұл ұсыныс назар аударуға лайықты деп санаймыз», - деді депутат Сенатта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда.

Сонымен қатар ол салада несие қаражаттарының жеткіліксіздігі мен қолжетімді болмауы мәселесін атап өтті. Бұған себеп - ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері (АШТӨ) активтерінің, жердің кепілдік құнының төмендігі және өтімді кепілдердің болмауы.

Субсидияландыру жүйесінің тиімділігі мәселесі де жетілдіруді қажет етеді. Бұл ретте АШТӨ-ні барынша қолдай отырып, негізінен субсидиялаудан арзан және ұзақ мерзімді кредиттеуге біртіндеп көшу мәселесін келесі қабылданатын мемлекеттік бағдарламада терең қарастырудың қажеттігі туындауда. Бұл - елеулі өзгерістерге әкелу мүмкіндігі Қауымдастықтар мен Одақтар өкілдері тараптарынан кездесулерде де ұсынылды», - деді сенатор.


Жоғары қарай