Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сенатор бірнеше пәнді оқытатын ауыл мұғалімінің мәселесін көтерді

2021 жылдың 14 қазан 2021 12:16

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатор Ақылбек Күрішбаев өзінің депутаттық сауалында ауыл жастарының жоғары білімге қол жеткізу проблемасын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат ауылдағы білім деңгейі көбінесе қалалық деңгейден артта қалатынын атап өтті. Ауылдық жерлерде педагогтардың тапшылығы 2100-ден астам адамды құрайды, бұл республиканың педагог кадрларға деген зәруліктің 60%-ға жуығы болып отыр. Соның нәтижесінде көптеген ауыл балалары грант алу үшін ҰБТ-да қажетті балл жинай алмайды, ал олардың көпшілігінде ақылы оқуға мүмкіндік жоқ.

Сенатор аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30%-дан 50%-ға дейін көтеруді ұсынып отыр. Депутат жыл сайын жоғары оқу орындары түлектерінің тек 30%-ы ғана ауылға жұмысқа келетіні, соның салдарынан ел бюджетінде жыл сайын 1,5 млрд теңгеге тиімсіз жұмсалатыны туралы деректі келтірді.

«Көптеген жылдар бойы Парламент депутаттары Білім және ғылым министрлігінің алдында ауыл мектептерінің түлектеріне аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30%-дан кем дегенде 50%-ға дейін арттыру қажеттілігі туралы мәселені көтеріп келеді. Бірақ мәселе табанды түрде шешілмей отыр. Аграрлық университеттерді бітірушілердің, ауылдық жерлерге жыл сайын тек 30%-ы ғана жұмысқа орналасады, қалғандары мемлекеттік қаражат есебінен оқып, жұмыссыздар қатарын толықтыра отырып, қалаларда қалады», - деп мәлімдеді сенатор Ақылбек Күрішбаев.

Сенатор елімізде білім беру гранттарын бөлу тетігіне өзгерістер енгізетін кез келді деп санайды. Ол мемлекеттік грант пен стипендияны тест нәтижесі мен үлгерімі негізінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында бөлу қажеттігін де атап өтті.

«Ауыл мектептерінде бір мұғалім физика, әдебиет және музыканы оқытатын жағдайлар бар. Қала мен ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы салыстыруға келмейді» - деді депутат.


Жоғары қарай