Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сенатор еліміздегі мемлекеттік экологиялық бақылаудың сапасына көңілі толмайтынын айтты

2021 жылдың 9 қыркүйек 2021 12:41

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Андрей Лукин елдегі ауа тазалығын бақылайтын мемлекеттік мониторингтің сапасына алаңдаушылық білдірді.

Осы орайда ол Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, олқылықтар мен кемшіліктер жүйелі түрде тіркелгеніне қарамастан, экологиялық жағдайға мониторинг тиісті деңгейде жүргізілмей келеді. Тіпті, ластанудың көздерін анықтау бойынша шаралар қабылданбай отыр және заң бұзушылықтарды жою, залалды өтеу жұмыстары да нашар жүргізілуде.

«Соңғы 2 жылда еліміздің аумағында атмосфералық ауаның жоғары деңгейдегі ластануы бойынша 1296 жағдай тіркелген. Сондай-ақ су қоймаларында 934 ластану дерегі анықталған. Соған қарамастан ластану көздері анықталмай отыр және жыл сайын 1,5 млрд теңге жұмсалатын қоршаған ортаның жай-күйін бақылау материалдары да қолданылмай келеді», – деді Андрей Лукин.

Сенатор соңғы жылдары зиянды өндіріс орындарын құру және кеңейту кезінде халықтың мүддесін ескермеу фактілері жиілеп кеткеніне де назар аударды.

Депутат егер бұл жағдай өзгермесе, еліміздің флорасы мен фаунасына айтарлықтай қауіп төнетінін де атап өтті.

Осыған байланысты сенатор қауіпті қалдықтардың айналымын бақылауды ұйымдастыру және оларды толық залалсыздандыру, атмосфералық ауаның экологиялық проблемаларын шешу, сондай-ақ заңсыз карьерлерді қалпына келтіру мәселесіне қатысты жауап беруді сұрады.


Жоғары қарай