Ауа райы
Астана 4 °С
Алматы 12 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Сенатор қабылдаған 25 тұрғынның мәселелерінің көпшілігі сол жерде шешілді –Талдықорған

2020 жылдың 15 қаңтар 2020 13:23

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен Талдықорған қаласындағы бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандарды аралады және қала тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізді, деп хабаарлайды ҚазАқпарат жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор қабылданған жаңа заңдар мен қолданыстағы заңдарға түзетулер, құқық қорғау органдарындағы реформалар туралы айтып, әлеуметтік қолдау жөніндегі аймақта жүзеге асып жұмыстарды азаматтарға таныстырды.

Ләззат Сүлеймен сапар барысында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған «Jetysu Hub» IT-орталығында студенттер мен балалар жасаған жаңа жобаларды көрді. Орталық жас IT-мамандарды даярлауға, халық арасында стартап-мәдениетті қалыптастыруға және ел экономикасын ілгерілетуге арналған жоғары технологиялық жобаларды әзірлеуге бағытталған.

Б.Римова атындағы драма театрда болған кезде оның директоры Руслан Сеңкебаев алдағы қойылымдар мен театр ұжымының ағымдағы жылға арналған жоспарлары туралы депутатқа айтып берді.

Жұмыс сапары барысында сенатор Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында болып, медиация орталығының жұмысымен танысты. Кездесу барысында Қазақстандағы медиация институтын одан әрі дамыту келешегі, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын мемлекеттік реттеу тетіктері, сондай-ақ медиацияға байланысты бүгінгі таңда орын алған өзекті мәселелер талқыланды. Қатысушылар сонымен қатар көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, балалардың құқықтарын қорғау, қылмыстық жауапкершілік мәселелерін көтерді.

Ләззат Сүлеймен «Құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында 25 азаматты жеке қабылдады. Талдықорған қаласының тұрғындарын әлеуметтік қолдау, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмекті жаңа сипат бойынша тағайындау, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй, мемлекеттік грант, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды әлеуметтік қолдау мәселелері маңызды болып отыр. Қабылдау барысында көтерілген мәселелердің көпшілігі сол жерде шешілді. Сенатор қалған мәселелер бойынша заң аясында толық түсінік беріп, кейбір мәселелерді бақылауға алды.

Ал Сенат депутаты Төлеубек Мұқашев Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5574 әскери бөлімінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығына барды.

Сенатор Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның бөлімшелері және еліміздің басқа да әлеуетті құрылымдары іс жүзінде дайындықтан өтетін орталықтың негізгі міндеттерімен, инфрақұрылым бөлімі, казармалық-тұрғын үй қоры, оқу материалдық-техникалық базасының жай-күйі және даму келешегімен танысты.

Әскери басшылықпен кездесуде орталықтың жұмыс сапасын қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды.


Фото: senate.parlam.kz

Жоғары қарай