Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Серік Шәпкенов БҰҰ өкілдерімен Қазақстандағы әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін талқылады

2021 жылдың 2 қыркүйек 2021 21:45

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Беришпен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар 2021-2023 жылдарға арналған «Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік қорғау және іске қосу бағдарламаларының тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру» бірлескен жобасының перспективаларын, сондай-ақ өткен жылдардағы ынтымақтастықтың қорытындыларын талқылады.

Сөз басында Серік Шәпкенов 2018-2020 жылдары іске асырылған «Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің тұрақты дамуы: әлеуметтік интеграция және инклюзия жөніндегі бағдарламаларды ілгерілету» бірлескен жобасының оң нәтижелерін атап өтті.

«Жоба мүгедектігі бар адамдарға қатысты өзекті мәселелерді шешуге халықаралық ұйымдардың қатысуының маңыздылығын көрсетті. Біздің Үкімет үшін мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту басым міндеттердің бірі болып табылады», – деді Еңбекминінің басшысы.

Оның айтуынша, осы мақсаттарға қол жеткізу аясында Қазақстанда кешенді шаралар, оның ішінде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар аясында жүзеге асырылуда.

«2020 жылы мүгедектігі бар адамдар үшін техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін тікелей жеткізушіден таңдау құқығын көздейтін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Сол жылы лайықты бос жұмыс орындарын іздеуге көмек көрсету үшін мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын кәсіптер мен мамандықтардың атласы әзірленіп, жұмыспен қамту орталықтарына жіберілді. 9 өңірде «Ten Qоgam» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналастыру орталықтары ашылды», – деді Серік Шәпкенов.

Министр сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Үкімет Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау бойынша мемлекетішілік рәсімдерді жүргізіп жатқанын, ал Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралуда екенін хабарлады.

Сонымен қатар, Серік Шәпкенов ҚР Еңбекмині мен БҰҰ ДБ-ның 2021-2023 жылдарға арналған «Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік қорғау және белсендіру бағдарламаларының тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру» бірлескен жобасының перспективаларын атап өтті.

«Жаңа жоба өзін-өзі жүзеге асыруға және халықтың неғұрлым осал топтарын қоғамға ықпалдастыруға бағытталған әлеуметтік қорғаудың қазақстандық моделін нығайтуға мүмкіндік береді. Біз қол жеткізілген ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалаймыз және ағымдағы және перспективалық жобалар аясында одан әрі бірлескен және нәтижелі жұмысқа үміттенеміз», – деп түйіндеді ол.

Өз кезегінде Якуп Бериш ҚР Еңбекминінің басшылығына жемісті бірлескен жұмысы үшін алғысын білдіріп, одан әрі жемісті ынтымақтастыққа дайындығын білдірді.


Жоғары қарай