Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Шаңырақ» бағдарламасы аясында қайталама нарықтан баспана сатып алуға бола ма – Үкімет жауабы

2021 жылдың 5 наурыз 2021 16:59

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Шаңырақ» бағдарламасы аясында қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға рұқсат беру пәтер бағасының өсуіне түрткі болуы мүмкін. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық банкпен әлеуметтік тұрғын үй салу және «Шаңырақ» бағдарламасының шарттары бойынша кезекте тұрған адамдарға «Отбасы банк» АҚ арқылы кредит беру үшін 390 млрд теңге бөлінді. Жаңа құрылыстарда тұрғын үй сатып алу құқығымен жобаны іске асыру құрылыс компанияларының кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға, экономиканың өсуін және халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының дерегінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс экономика салалары арасында жетекші орынға ие болды. Республика бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 4,9 трлн теңгеге жетті. Бұл 2019 жылдан 11,2 пайызға артық. Барлығы 15,3 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй (140 мың тұрғын үй) салынды немесе өткен жылдың деңгейінен 16,8 пайызға артты.

«2021 жылы бүкіл ел бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 17 млн шаршы метр тұрғын үйді құрайды. Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 33,6 пайызға өсіп, шамамен 2 трлн теңге болды. Мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестициялар тартылуда. Қабылданған шаралар отандық өндіріс өнімдеріне сұранысты қамтамасыз ете отырып, құрылыс индустриясын дамытуға мультипликативтік әсер етті. Осылайша, отандық кәсіпорындар шамамен 667 млрд теңге сомасына құрылыс материалдарын өндірді»,- деді Премьер-Министр.

Осыған байланысты ол Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының (оның ішінде «Шаңырақ» кіші бағдарламасының) маңызды міндеттерінің бірі тұрғын үй құрылысын дамытуды қолдау болып саналатындығын баса айтады.

«Қайталама нарықта «Шаңырақ» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін беру осы сектордағы тұрғын үй бағасының өсуіне түрткі болуы мүмкін. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, ағымдағы жағдайларда «Шаңырақ» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді бастапқы нарықта ғана өткізуді жалғастырған орынды деп санаймын. Жалпы, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында», - деді Асқар Мамин.


Жоғары қарай