Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шардарада қорықшыларға жасалған шабуыл: Экология министрлігі оқиғаның мән-жайын айтты

2021 жылдың 12 маусым 2021 23:14

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Түркістан облысының Шардара су қоймасында қорықшыларға жасалған шабуылдың мән-жайын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының хабарлауынша, 10 маусымда шамамен сағат 14.30-да «Нұралы» ЖШС балық шаруашылығы қорықша қызметкерлері Шардара су қоймасында рейд өткізген және браконьерлік фактісін анықтаған. Электр тогымен заңсыз балық аулағандарды ұстау кезінде құқықбұзушылар қызметкерлерді ұрып-соғып, физикалық күш көрсеткен және қылмыс орнынан қашып кеткен», - деп хабарлады ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінен.

ҚР Қылмыстық кодексінің 380-2-бабына сәйкес, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторға, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторына, қорықшыға күш қолданғаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік көзделген. Осыған байланысты, аталған факті 2021 жылғы 10 маусымда сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Бұдан басқа, электр тогымен балық ресурстарын заңсыз өндіргені үшін ҚР ҚЖК 335-бабында үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не сегіз жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту не үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейін айыру жазалары бар.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті бұл оқиғаны ерекше бақылауға алды, құқық қорғау органдарымен бірлесіп күдіктілерді іздеу, кейіннен кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, браконьерлікпен күресті күшейту мақсатында Арал-Сырдария бассейнінің балық шаруашылығы айдындарында ІІМ-мен бірлескен кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізу мәселесі пысықталуда», - деді комитеттен.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облыстық Полиция департаменті Шардара су қоймасында қорықшыларға шабуыл жасады деген күдікпен 6 браконьер ұсталғанын хабарлаған болатын.


Жоғары қарай