Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шенеунік баласының қатысы бар деген көлік оқиғасы желіде қызу талқыланды

2021 жылдың 5 мамыр 2021 23:11

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жаяу жүргіншілер өткелінде жасөспірімді көлік қағып кетті. Бұл оқиға желіде қызу талқылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұма күні мен астанадағы сол жағалаудың қақ ортасында болған жол-көлік оқиғасының куәгері болдым. 1999 жылы туған жас жігіт жаяу жүргіншілер өткелінде жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кетті. Оқиға орнынан ізін суытқанымен қоймай көлігін фитнес-орталықтың ауласына алаңсыз қаңтарып, жаттығуға кіріспекші болды. Қасымда тұрған тағы бір қызбен бірге дереу жол полициясы мен жедел жәрдем шақырып үлгердік», - деп жазды Sarah Bersan атты Facebook қолданушысы.

Куәгердің айтуынша, зардап шеккен жасөспірім 2004 жылы туған екен. Ата-анасы болмағандықтан, инсульттан кейін сал болып жатқан әжесімен бірге тұратын көрінеді. Ал оны қаққан көлік иесі 14 мамырда небәрі 22 жасқа толады екен. Оқиға куәгері ол жігіттің әкесі шенеунік екенін де анықтаған.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті жол-көлік оқиғасы болғанын растап отыр.

«Ағымдағы жылдың 30 сәуірінде сағат 15.13-те 21 жастағы жүргізуші «Toyota Camry» маркалы автокөлікпен Сығанақ көшесі жақтан Түркістан көшесінің бойымен келе жатып № 2 үйдің тұсында 2004 жылы туған кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Зардап шегуші жаяу жүргіншілерге арналған бөліктен өтіп бара жатқан. Қазір зардап шеккен бала ем қабылдауда. Алынған дене жарақаттарының ауырлық дәрежесін сот-медициналық сараптама анықтайды. Тиісінше, жүргізушінің әрекетіне құқықтық тұрғыда баға беріледі. Аталған факті бойынша алдын ала тергеу жүріп жатыр», - дейді департамент мамандары.

Бес күн бұрын болған оқиғаны жұртқа жария еткен желі қолданушысына Нұр-Сұлтан қаласындағы әкімшілік полиция басқармасының басшысы Елжан Чупеков жөн сілтеді.

«Sara Bersan, әкімшілік полиция бөлімінің басшысы Тоқжұманов Бауыржанмен байланысыңыз. Бұл материал қалалық полиция департаментінің бастығы генерал Е.С.Сәденовтің жеке бақылауында. Жасөспірімнің жалғыз қамқоршысы да ауруханада жатқанын ескерсек, оқиға шынымен де назар аударуға тұрарлық» - деп жауап қатты Елжан Чупеков.


Автор Есімжан Нақтыбай
Басты сөздер: Қоғам, Нұр-Сұлтан,
Жоғары қарай