Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Шенеуніктер жемқорлықтың әлдеқайда күрделі, жаңа жолдарын ойлап тауып жатыр - Ахметжанов

2021 жылдың 9 желтоқсан 2021 11:44

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов елімізде сыбайлас жемқорлық жасаудың бүгінгі сипатына баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде сыбайлас жемқорлық жасаудың сипаты өзгерді. Жемқорлық қадамына барушылар жаңа жағдайға бейімделді. Елімізде сыбайлас жемқорлық қадамы ақылды, күрделі және жүйелі бола бастады. Яғни, бюрократиялық кедергілер әдейі жасалып, заңсыз баю мақсатында ережені қолдан күрделендіре түседі. Сондай-ақ, кейбір лауазымды тұлғалар іс қозғалған жағдайда оның функционалдық міндетіне кірмейтіндей етіп, жауапкершілікке алмаудың тетігін тапқан. Осылайша, өздеріне жасанды жағдай жасап отыр. Өкінішке қарай, бұл әдетке, өмір салтына айналып барады», - деді Марат Ахметжанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында

Оның айтуынша, 2015 жылы елімізде тіркелген қылмыстың 10%-ы сыбайлас жемқорлыққа қатысты болса, биыл бұл көрсеткіш қылмыстың үштен бір бөлігін құрайды.

«Адамдар шенеуніктерге пара беруге саналы түрде барады. Көбінесе әртүрлі рұқсаттарды, мемлекеттік қызметтерді, мемлекеттік сатып алу бойынша жеңісте жету және басқаларды қызмет алу үшін осы қадамға барады. Сондықтан да сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара мен жүйені жаңалау талап етіледі. Қазір қолданыстағы заң жемқорлықпен күресуге емес, оның алдын алуға бағытталған. Сол сияқты біз алаяқтарды аулау ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесін де жетілдіруіміз керек. Сондықтан біз зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және қылмыстық схемаларды ашуға көшеміз», - дейді ол.

Бұған дейін агенттік басшысы биыл елімізде бір вице-министр, 13 әкім және 4 судья жемқорлық күдігімен ұсталғанын айтты. https://www.inform.kz/kz/biyl-bir-vice-ministr-13-akim-zhane-4-sud-ya-zhemkorlyk-kudigimen-ustaldy_a3872318


Жоғары қарай