Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

Шерхан Мұртаза тұрған ауылдағы үй музейге айналады

2022 жылдың 16 сәуір 2022 02:01

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның Жуалы ауданы Талапты ауылында тұрған үйі музейге айналады. Бұл туралы мәслихат депутаттарымен кездесуінде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуде халық қалаулылары бірқатар мәселені көтеріп, ой-ұсыныстарын жеткізді.

Ерболат Саурықов ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесінің салдарынан жолдардың бүлініп жатқандығын, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын кең көлемде атап өту, облыс орталығынан көше атын беру секілді мәселелерді көтерді.

Өзге де халық қалаулылары әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, білім беру салаларындағы мәселелерге назар аудартты.

Облыс әкімі мәслихаттардың жұмысының маңыздылығын баса айтып, көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар ескеріліп, қарастырылатынын жеткізді.

Соның ішінде Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын тиісті деңгейде атап өту үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын, тұлғаның Жуалыда өзі тұрған үйінде музейі ашылатынын атап өтті.

Бұдан бөлек өңірдегі төрт мектеп қабырғалы қаламгердің есімін еншілеген. Біртуар тұлғаның ескерткішін салу мәселесі де қаралуда.

Жалпы, Үкіметтің қаулысымен Жамбыл облысындағы 43 мектепке Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Оралхан Бөкей, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Ораз Жандосов, Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов, Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров, Шерхан Мұртаза сияқты Алаш және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар мен басқа да тарихи тұлғалардың есімдері берілген.

Айта кетейік, осыған дейін, Таразда Шерхан Мұртаза тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылғанын жазған болатынбыз.


Жоғары қарай