Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шетелде сотталған қанша қазақстандық рақымшылыққа ілігеді

2021 жылдың 2 желтоқсан 2021 11:09

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев шетелде сотталып, жазасын елімізде өтеп жатқан қанша қазақстандық рақымшылыққа ілігетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік , бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы қабылданды.

«Әзірленген заң жобасы қаншама отбасыны жақындарымен қауыштыруға себепкер болады. Дегенмен, бұл заң жобасының күші шет елдің үкімімен сотталған, бірақ елімізге экстрадицияланған қазақстандық азаматтарға қолданыла ма? Қазіргі кезде еліміздің түзеу мекемелерінде шет мемлекет сотының үкімімен сотталған 35 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Сол адамдардың қаншасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылықтан үмітті», - деп сұрады сенатор Дана Нұржігітова.

Өз кезегінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қазақстандық 35 адамның шетелде сотталғанын растады. 31-і Ресейде істі болса, қалғандары Беларусьте және Қырғызстанда сотталған.

«Келісім бойынша аталған 35 адамның барлығы Қазақстанға ауыстырылып, елімізде жазасын өтеп жатыр. Рақымшылық бойынша тек қана бір адам ілігіп отыр. Қалған 34 адам аса ауыр және ауыр қылмыс үшін сотталған. Аталған бір адам төрт жылға ауыр қылмыс үшін сотталған еді, сол мерзімнің үш жылы өтіп, бір жылы қалған. Құжат бойынша рақымшылыққа еніп отыр», - деді министр.


Жоғары қарай