Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шикізаттық емес секторлар инвестициялық белсенділіктің локомотивіне айналды - министрлік

2021 жылдың 29 қараша 2021 14:06

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі жайында түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясы пандемиясына байланысты айтарлықтай құлдыраудан кейін негізгі капиталға инвестициялар динамикасында қалпына келтіру үрдісі байқалды. Мәселен, биылдың 10 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға ұлғайып, шамамен 10 триллион теңгені құрады», - деді Ә. Әбдіқадыров Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, экономиканың шикізаттық емес секторлары инвестициялық белсенділік өсуінің негізгі локомотивіне айналды.

«Мәселен, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда инвестициялар өңдеу өнеркәсібінде 1,8 есе (661,5 миллиард теңгеден 1230,4 миллиард теңгеге дейін), құрылыста 2,2 есе (57 миллиард теңгеден 127,6 миллиард теңгеге дейін), сондай-ақ ауыл шаруашылығында 1,4 есе (412,5 миллиард теңгеден 603,4 миллиард теңгеге дейін) өсті. Өңірлер бөлінісінде негізгі капиталға инвестициялар бойынша жалпы оң динамика байқалып отыр», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, ең үздік көрсеткіштер Шымкент және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе және Павлодар облыстарында байқалды. Көлемдердің айтарлықтай төмендеуі Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Аталған өңірлерде инвестициялардың төмендеу себебі карантиндік шектеулерге байланысты ірі мұнай-газ жобаларының баяулауы болды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Әлішер Әбдіқадыров пандемияның шектеу іс-шаралары жағдайында жаһандық тікелей шетел инвестициялары ағындары 35%-ға төмендегенін айтты. https://www.inform.kz/kz/alemde-investiciya-agyny-kay-dengeyde-tomendedi_a3868209

Биыл Қазақстанға 20 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. https://www.inform.kz/kz/biyl-kazakstanga-20-mlrd-aksh-dollary-koleminde-investiciya-tartylmak_a3868220


Жоғары қарай