Ауа райы
Астана -13 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО әкімі коронавирус бойынша жағдайды тұрақтандыру қадамдарын айтты

2020 жылдың 20 қараша 2020 16:36

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов өңірде індет жұқтырудың тәуліктік деңгейі төмендеп келе жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Президент тапсырмасын жүзеге асыру бойынша қажетті шаралар атқарылып жатыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде. Қадағалау мақсатында күніне бірнеше мәрте штаб жиыны ұйымдастырылып отыр.

Әкімнің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде өңірде аурухана орындарын пайдалану деңгейі 17 пайыз шамасында.

Баспасөз мәслихатында облыс әкіміне екі апта ішінде коронавирус бойынша ахуалды тұрақтандыру туралы берілген тапсырма жөнінде сұрақ қойылды.

«Бұл тұрғыда қойылған мақсат орындалатынына сенімдімін. Біз тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Осы орайда келтірілген деректер біздің дәрігерлер іс-қимылының нәтижелеріне және аудан әкімдіктері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға сүйене отырып мәлім болды», - деді Д. Ахметов.

Еске сала кетейік, қараша айының басында Шығыс Қазақстан облысы коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл аймаққа» кірді.

Осы орайда, 17 қараша күні өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында COVID-19 таралуына жол бермеу жөнінде бірқатар шешім қабылданды. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне он күндік мерзімде «қызыл аймақтан» шығу үшін түбегейлі шаралар қабылдау тапсырылды.


Жоғары қарай