Ауа райы
Астана -25 °С
Алматы 0 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да 100 шақырымнан астам жол қар көшкінінің астында қалуы мүмкін

2020 жылдың 22 қазан 2020 23:52

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 100 шақырымнан астам жол қар көшкінінің астында қалуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан еліміздегі қар көшкіні жиі жүретін қауіпті аумақтардың бірі. Көшкін жүру қаупі бар учаскелерде қандай жұмыстар атқарылғандығы және қыс мезгіліне дайындығы туралы ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Тимур Дидахметов айтып берді.

«Бүгінгі таңда облыс аумағында қар көшкіні қаупі бар 497 учаске анықталып отыр. Оның 336-ы аса қауіпті болып саналады. Біздің болжамымызша 100 шақырымнан астам жол қар көшкінінің құрсауында қалуы мүмкін. Қараша айынан бастап көшкін қаупі бар учаскелерге тексеру жүргіземіз. Бақылау жұмыстарын тәулік бойы 6 диспетчерлік пункт жүзеге асырады. Облыс тұрғындарына ескерту үшін «Сақ болыңыз, қар көшкіні қаупі бар аймақ» деген плакаттар орнатылды. Зубовка тауында қар ұстайтын қалқандарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 10 учаскеге 66 жаңа қалқан қойылды», - деді ол.

Сондай-ақ ТЖД «Қазгидромет» РМК филиалымен бірлесіп, барлық азаматтарға қолжетімді «DARMEN» мобильді қосымшасы арқылы дауылды ескерту туралы ақпараттарды жедел жіберіп отыру үшін алу тиісті шараларды қабылдады.

Қыс кезінде авариялық-құтқару іс-қимылдарын жүргізу үшін департамент резервінде 150-ден астам техника бар. Шұғыл көмек көрсету үшін Өскемен әуежайында «Қазавиақұтқару» бөлімшесінің «Еврокоптер 145» бір тікұшағы орналасқан. ТЖ қызметінің жеке құрамының саны - 2000-нан астам адам.

«Қыста жолға шығарда барлығын мұқият жоспарлап, кез-келген жағдайға дайын болғаныңыз жөн. Әр автокөлікте қиын жағдайда адам өмірін құтқаратын: дәнекерлейтін шам, арқан, күрек сынды бірінші кезекте қажетті заттар болуы тиіс», - деп түйіндеді Тимур Дидахметов.



Жоғары қарай