Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да атом электр станцияларына отын шығаратын өндіріс орны ашылды

2021 жылдың 11 қараша 2021 00:30

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жылына 200 тонна уранды қайта өңдейтін өндіріс орны ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Үлбі металлургия зауытында «Үлбі-ТВС» отын құрамаларының өндірісі ашылды. Аталмыш жоба 2016 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған.

Шараға « Самұрық-Қазына» АҚ , «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК, «ҮМЗ» АҚ, Қытайдың Атом энергиясы жөніндегі «China General Nuclear» агенттігінің басшылығы қатысты. Кәсіпорын қытай және француз серіктестерінің қатысуымен құрылып, Қазақстандағы маңызды және ірі инвестициялық жобалардың біріне айналып отыр.





«Қытайдың атом электр станцияларына отын таблеткаларының бірінші партиясы келесі жазда жеткізіледі. Бұл біздің ҚХР-мен достық және экономикалық қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытуда маңызды қадам. Шығыс Қазақстан уран өндіру бойынша елімізде бірінші орында тұр. Ал оны қайта өңдеу - бұл өнімге қосылған қосымша құн ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік әсері жоғары бастама. Жаңа кәсіпорында 140 жаңа жұмыс орны ашылатын болады», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, отын құрамаларын өндіру – бұл елдің ядролық индустрияның жаңа бағыты. Екі жылдан кейін өндірістің толық қуатына шығу жоспарлануда.

«Өндіріс көлемі жылына 200 тонна уранды құрайды және осындай бір отын таблеткасы 500 келі көмірді алмастырады. Осы өндірістің арқасында Қазақстан интеграцияланған қызмет пакетін ұсынушы мемлекет ретінде де танылады», - деді аймақ басшысы.


Жоғары қарай