Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да экологиялық мәселелерді шешудің жол картасы таныстырылды

2020 жылдың 24 қараша 2020 14:46

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында экологиялық мәселелерді кешенді шешудің жол картасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол картасына өңірді газдандыру, ескірген қоғамдық көліктерді ауыстыру, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу, қалдықтарды сұрыптау және қайталама пайдалану жүйесін енгізу сынды шаралар енгізілген.

ШҚО бойынша экология департаментінің басшысы Данияр Әлиевтің айтуынша, жол картасы 2020-2024 жылдар аралығына бекітілді.

Осы жылдың 16 қазанында облыс әкімі Даниал Ахметов және Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Шығыс Қазақстанның экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасын бекітті.

«Бағдарламаны дайындау барысында коммуналдық қалдықтарды бөлек жинау пунктерін кеңейту, қалдықтарды орналастырудың өңірлік картасын әзірлеу ұсынылды. Осыған орай біз техногенді қалдықтарды сақтау, тұрақты органикалық ластағыштарды және қалдықтарды орналастырудың картасын жасамақпыз « , - деді ол.

Бұдан бөлек, департамент мамандары атмосфералық ауа сапасын жақсарту бойынша ғылыми жұмыстарды қарады.

«Ауаның ластануына ықпал ететін көмірді пайдалануды қайта қарау ұсынылған. Бұл ретте бүкіл жеке секторды орталық жылуға қоспасақ мәселе шешілмейді. Картаға облыс университеттерінің бірінен Термококс технологиясын енгізудің ғылыми ізденістері кіріп отыр. Осы технологияны пайдалану кезінде болашақта ауада пиролиздік жану шығарындылары азаяды», - деді Данияр Әлиев.

Жол картасы 43 тармақтан тұрады. Алдағы уақытта карта мемлекеттік органдармен және экобелсенділермен бірлесіп пысықталады.


Жоғары қарай