Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да пайдаланылмай жатқан 2,7 млн гектар жер мемлекетке қайтарылмақ

2021 жылдың 15 қыркүйек 2021 14:25

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында пайдаланылмай бос жатқан 2,7 млн гектар жер мемлекетке қайтарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов жер қатынастары және ауыл шаруашылығы басқармаларының басшыларымен өткен жиналыс барысында айтты.

«Бүгінде бос жатқан алқаптарды қолданысқа жарату өте маңызды. Себебі көптеген шаруа қожалықтары жайылымдық жерлердің тапшылығын сезінуде. Қазіргі таңда жердің бір бөлігін бұрынғы меншік иелері өз еркімен қайтарып берді. Барлық қалалар мен аудандардың әкімдеріне таныстырылған ортақ белгіленген алгоритм бар», - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, пайдаланылмай жатқан 2,7 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылуы тиіс.

Осы орайдағы жұмыс Глубокое, Аягөз және Зайсан аудандарында қарқынды жүріп жатыр.

«Өнімділігі төмен және өсімдік шаруашылығы үшін тиімсіз жерлерді жайылымға беру мәселесін қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ 164 гектар жерді бірқатар елді мекендердің әкімшілік шекарасына қосу қажет. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне бір ай ішінде мал жайылымына қатысты қиындықтарды шешуді тапсырдым», - деді Даниал Ахметов.


Жоғары қарай