Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 6 көпқабатты үй бой көтереді

2020 жылдың 26 қыркүйек 2020 02:57

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары «Шаңырақ «5-10-20» бағдарламасы бойынша жаңа тұрғын үй ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шаңырақ «5-10-20» қанатқақты жобасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған жобаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүзеге асырады. Басты мақсат – қазақстандықтарды тиімді займ беру арқылы баспанамен қамтамасыз ету.

Жылдық мөлшерлемесі 5%-ға тең. Тұрғын үй құнының алғашқы 10%-ын жинау қажет. Несиелендіру мерзімі – 20 жыл.

Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ ШҚОФ директоры Назигүл Аккулованың айтуынша, «Шаңырақ» жобасы аясында жеңілдетілген несиені ең алдымен, баспанаға мұқтаж жан ретінде 1986 жылдан 2015 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда жергілікті әкімдік кезегіне тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары ала алады.

Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталған соң банктің «Шаңырақ» жобасын қаржыландыруға қаражаты жеткілікті болса, онда кейінгі жылдары әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған жандар қатысуы мүмкін. Сондай-ақ бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай көлеміндегі отбасының әр мүшесінің басына шаққандағы жанұялық табысының бір айлық көлемі күнкөріс минумумының 3 еселенген сомасынан аспауы тиіс. Демек, 2020 жылы отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңге болуы керек.

«Бұл бағдарлама бойынша тек қана бірінші нарықтағы тұрғын үйлерді сатып алуға болады. Аталмыш бағдарлама бойынша салынып жатқан баспаналардың тізімін hcsbk.kz сайтынан көре аласыздар», - деді Назигүл Аккулова.

Шығыс Қазақстанда «5-10-20» бағдарламасы бойынша 6 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, Өскеменде 64 пәтерлі 4 үй мен 72 пәтерлі бір тұрғын үй бой көтеруде. Сонымен қатар Ұлан ауданында 80 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Бұл баспана осы жылдың қараша айында қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Ал облыс орталығындағы үйлерге 2021 жылы қоныстануға болады.

Несиелік тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі өңір тұрғындары үшін 160 мың теңгені құрайды. Өңірде аталмыш бағдарлама бойынша бой көтерген баспананың бағасы 12 миллион теңгеден аспауы тиіс.

Әкімдік кезегінде тұрған азаматтар оған қатысуға өтініш білдіру үшін hcsbk.kz сайтына тіркелу қажет. Өтініштерді қабылдау мерзімі 17 қыркүйек пен 16 қазан аралығында жүргізіледі.


Жоғары қарай