Ауа райы
Астана -19 °С
Алматы -7 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін компаниялар жабылу алдында тұр

2020 жылдың 27 қазан 2020 14:46

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және қайта өңдеу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орнықты дамуға жәрдемдесу» орталығы пластикалық қалдықтарды жинау және қайта өңдеу жүйесін жетілдіру жөнінде республиканың 6 ірі қаласын қамтитын арнайы жоба әзірлеген. Осы орайда бірқатар кездесулер мен конференциялар өткізілуде. Өскемен қаласында ұйымдастырылған кезекті дөңгелек үстел барысында кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер және экобелсенділер бас қосып қатты қалдықтарды, оның ішінде пластикалық қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуді дамыту мәселелерін талқыға салды.

«KazWaste» қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық қауымдастықтың үйлестірушісі Айжан Рысқұлованың айтуынша, еліміздегі бір отбасы жылына 500-ге жуық пластикалық бөтелкені қоқысқа шығарады. Қазақстанда пластиктің барлық қалдықтары 19 млрд теңгеден астам сомаға жиналған. Жыл сайын бүкіл әлемде минутына 1 миллион пластикалық бөтелке сатып алынады, ал оның жартысынан азы қайта өңдеуге жиналады. Бұл жағдайда пластикті жою шамамен 450 жылға созылмақ.

Еуропада тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату бұрыннан табысты бизнес, ал еуропалықтар үшін қоқысты сұрыптау – үйреншікті іс болғанына қарамастан, Қазақстанда бұл әлі де тиімді кәсіп болып саналмайды. Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешковтың айтуынша, бұл тұрғыда мемлекеттік қолдау жеткіліксіз.

«Қазір Өскеменде қоқысты бөлек жинауға арналған 600 контейнер бар. Бірақ соған қарамастан, қалдықтар бір машинаға түседі. Әзірге адамдарды үйде қоқысты сұрыптауға үйрету қиын. Қайта өңдеуде де көптеген кедергілер бар. Барлығы кәсіпкерлердің өз мойнына жүктеледі. Негізінен тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қажет», - дейді ол.

Геннадий Корешковтың айтуынша, тұрмыстық қатты қалдықтармен айналысатын аймақтық ұйымдар банкротқа ұшырауға шақ қалып отыр. Мысалы, іске қосылғанына жарты жыл ғана болған Риддердегі қоқыс сұрыптау кешені жабылу алдында тұр.

Сонымен қатар «Эковосток-лидер» ҚТҚ жинау және сұрыптау компаниясы шығынға батуда. Кәсіпорын 2016 жылдан бастап пластик жинаумен айналысады. Ай сайын компания Павлодар өңдеу кәсіпорнына 15-20 тонна пластик тасымалдайды. Алайда, мекеме директоры Динара Әкімжанованың айтуынша, шығындарды өтеу үшін айына кемінде 100 тонна жинау қажет. Бұдан бөлек, пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізу құны үнемі өсіп келеді.

«Осы арқылы табыс табу үшін кең ауқымда жұмыс істеу керек. Ал қазір біз тек шығынға батып отырмыз. Біздің облыста пластикті өңдейтін компаниялар жоқ. Сондықтан біз үшін ең қиыны – тасымалдау. Жұмыс істей бастағанымызда, өңдеуге арналған пластикпен тиелген фураның құны 150 мың теңге болатын. Қазір 400 мың теңгеге жетеді. Осының салдарынан шығын көбейді. Егер мемлекет бізге логистика мәселесін шешуге көмектессе жүгіміз жеңілдер еді», – деп атап өтті «Эковосток-лидер»директоры.

Сондай-ақ, Динара Әкімжанова халыққа қалдықтарды сұрыптау мәдениетін үйрету қажеттігін атап өтті.

«Тұрғындар қоқысты сұрыптауға дағдыланбаған, бұған мән де бермейді. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Егер адамдар пластикалық заттарды арнайы контейнерге тастамас бұрын, қайта пайдалануға жол бермеу мақсатында оны жуып, этикеткасын алып, қақпағын ашып тастаса жақсы болар еді. Өйткені қоқыс өңдейтін зауыттар лас пластиктерді қабылдамайды», - деді ол.


Жоғары қарай