Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

ШҚО-да жеңілдетілген несие беру арқылы жаңа жұмыс орындары ашылуда

2021 жылдың 29 желтоқсан 2021 09:00

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Аграрлық несие корпорациясынан берілген несиелер шағын бизнесті дамытуға ықпал етуде.

ШҚО - дағы қарыз алушының бірі - Әсем Жұртбаева. Кәсіпкер шағын фермерлікпен айналысады. Ол өзінің жеке шаруашылығын 4 бас сиырмен бастаған. Кәсіпкерге бизнесті ары қарай кеңейту үшін қаражат жетіспеді. Содан соң Әсем «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша оқып, арнайы сертификат алып, Аграрлық несие корпорациясы қорландыратын микроқаржы ұйымына жеңілдікпен кредит алу үшін жүгінді.

«Биыл қазан айында мен шаруашылығымды кеңейтіп, ірі қара мал сатып алу үшін МҚҰ арқылы 2.1 миллион теңге несие алдым. Берілген қаражатқа 350 мың теңгеден 6 бас ірі қара мал сатып алдым. Бұл несие неліктен жақсы десеңіз, өйткені тек 6% мөлшерлемемен беріледі және бір жылға демалысы бар. Яғни, мен бір жылдан кейін ғана негізгі қарызды өтей бастаймын, ал бірінші жылы – тек пайыздарды ғана төлеймін. Бұл өте тиімді», - деп түсіндірді Әсем Жұртбаева.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдауға «Бәйтерек» ҰБХ АҚ еншілес ұйымы Аграрлық несие корпорациясы 22.5 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат ҚР өңірлеріндегі бизнесмендерге микроқаржы ұйымдарын қорландыру құралдары арқылы қолжетімді. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында жылдық 6% - бен жеңілдетілген несие алуға жүздеген ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер жүгінді. Жалпы ШҚО-дағы өтінімдердің сомасы 432,6 млн теңгені құрады.

Жеңілдетілген несие алған Зайсан ауданының тағы бір тұрғыны – Гүлден Бақтиярова. Ол жолдасымен бірге жылқы шаруашылығымен айналысады. Шаруашылығында 10 жылқы болды. Кәсіпкер 7,2 млн теңге қарыздың көмегімен тағы 13 бас сатып алып, шаруашылықты екі есеге арттырды.

«Мен өзіме берілген 7 миллион, 200 мың теңгеге 13 бас жылқы мен жем-шөп сатып алдым. Егер бұл несие болмаса, кәсібімізді ары-қарай кеңейте алмас едік. Несиенің шарттары өте тиімді. Ең бастысы жеңілдік кезеңі бар, яғни басында тек пайыздарды төлеп, негізгі қарызды кейінірек төлеуге болады. Бұл бизнестің аяғынан тұрып кетуіне, күшейе түсуге, содан кейін ғана несиені толықтай төлеуге көмектеседі. Біз, мысалы, жыл бойы тек пайыздарды, содан кейін негізгі қарызды төлейміз. Олардың несие беру мерзімі де өте жақсы – 6 жыл», - дейді Гүлден Бахтиярова.

Несиелеу мерзімі мал шаруашылығы саласындағы жобалар бойынша жеті жылға дейін, басқа салаларда бес жылға дейін беріледі. Сондықтан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы барлық саладағы кәсіпкерлер үшін өзекті. Мәселен, Риддер қаласының жеке кәсіпкері Амантай Абьеманов, өз ісін кеңейтіп, қызметін түрлендіру үшін қарызға берілген ақшаға жүк тиегішті сатып алды.

«Мен 6 миллион теңгеге жүк тиегіш сатып алдым. Менің компаниям қазір жалпы экологиялық салада, яғни қауіпсіз қалдықтарды жинау мен оны кәдеге жарату сияқты жұмыстармен айналысады. Ал тиегіштің көмегімен мен автоқызметтерді де көрсеткім келеді - жүктерді тиеу және түсіру, аумақты жинау, қарды тазалау және т.б. Қазіргі уақытта осы қызметтерді көрсету үшін сатып алу конкурсына қатысатын боламын. Аграрлық несие корпорациясынан несие алуды мен бекер таңдаған жоқпын. Жеке банктермен және микрокредиттік фирмалармен салыстырғанда мұнда ең тиімді шарттар бар», - деп өз тарихымен бөліседі Амантай Абьеманов.

Микроқаржы ұйымынан несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың бірі – Аягөз қаласының тұрғыны Әйгерім Чадаева. Ол берілген қаражатқа қажетті автобөлшектерді сатып алып, айналым қаражатын толықтыра алды.

«Қазіргі уақытта ТҚК мен дөңгелек жөндеу орталығымыз жұмыс істеп тұр. Биыл микроқаржы ұйымынан 7 миллион теңге несие алдық. Бұл қаражатқа авто бөлшектер сататын дүкен ашып жатырмыз. Үш жылдан кейін несиеміз біткеннен соң тағы да несие алып, кәсібімізді кеңейтпек ойымыз бар. Бүгінде үш адам жұмыс істейді» дейді кәсіпкер.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша кредит беру ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді, шағын бизнес өкілдерін, микрокәсіпкерлікті, оның ішінде отбасылық және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.

Қарызды алу үшін «Бастау бизнес» бағдарламасы немесе басқа да кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын мемлекеттік бағдарламаларының сертификаты мен кепіл мүлкінің болуы қажет. Содан кейін «Атамекен» ҰКП кеңселері арқылы МҚҰ-ға өтінім беру керек.

2022 жылы микрокредиттің ең жоғары сомасы ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда 7.6 млн теңгеге дейін, қалалар мен моноқалаларда 19.9 миллионға дейін, Шымкент, Атырау, Актау қалаларында – 24,5 млн теңгеге дейін жетеді.

Бүгінгі таңда Аграрлық несие корпорациясы еліміздің 1535 кәсіпкерінен жалпы сомасы 8,3 млрд теңгеден астам өтінім қабылдады.


Жоғары қарай